«Фатихасыз намаз жоқ» деген хадисті қалай түсінуге болады? Неге фатиханы оқу уәжіп делінген?
«Фатихасыз намаз жоқ» деген хадисті қалай түсінуге болады? Неге фатиханы оқу уәжіп делінген?
1 ай бұрын 1100

Әссәләмуғалейкум! «Фатихасыз намаз жоқ» деген хадиске түсіндірме бересіз бе? Жансерік.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірнеше хадисінде намазда «Фатиха» сүресін оқудың маңыздылығын баса айтып өткен. Сондай бір хадисінде былай дейді:

لا صَلاة لِمَنْ لَمْ يَقْرَأْ بِفَاتِحَةِ الْكِتَابِ

«Фатиха сүресін оқымаған адамның намазы жоқ»[1].

Алла елшісінің бұл сөзін Ханафи ғалымдары «Фатиха сүресі оқылмаған намаз кәміл емес, яғни, кемшілігі бар намаз» деп түсінген. Үкімін «уәжіп» деп бекіткен. Фатиха сүресін намазда оқудың үкімі – уәжіп. Онсыз намаз дұрыс болғанымен, толық емес, кемшілігі бар намаз болады.

(Парыз намаздардың алғашқы екі рәкәғатында фатиха мен зам сүре оқу уәжіп. Ал сүннет және үтір намаздарында, сондай-ақ, нәпіл намаздарында фатиха мен қосымша сүрені оқу барлық рәкәғаттарында уәжіп)

Ал неге Ханафи ғалымдары олай түсінген? Неге фатиханы намазда оқу уәжіп деген? Бұл сұраққа жауапты Ханафи мәзхабының үкім шығару әдістемесінен іздеу керек.

Жалпы үкім шығару тәсілдерін үйрететін ғылымды «Усулуль фиқһ» деп атасақ, оның ішінде Ханафи мәзхабының өзіндік үкім шығару әдістемесі бар. Сол әдістемеге сай сіздің сауалыңызды талқылап көрелік.

Ханафи мәзхабының үкім шығару әдістемесінде мынадай үлкен қағида бар:

«Нассқа (аят-хадис) тағылған артық үкім – настағы үкімді жояды»[2].

Яғни, аяттағы үкімге қатысты қосымша үкім баян еткен қияс немесе ахад хадис кездессе, аяттағы үкімді өзгертпей, екі дәлелді ұштастыру керек. Егер, ұштастыру мүмкін болмаса, аяттағы үкім алынады да, оған қарама-қарсы не қосымша үкім баян еткен ахад хадис пен қияс дәлелі алынбайды. Мысалы, «фатихасыз намаз жоқ» деген хадис соған мысал.

Құран Кәрімде «Құраннан жеңіл келгенін оқыңдар» деген аят бар[3]. Осы аяттағы «жеңіл келгенін» деген сөз жалпылықты білдіреді. Бұл дегеніміз, Фатиха сүресі болсын, басқа сүре болсын, жалпы қай білген сүрені оқыса, намаз саналады деген сөз. Құран "кез келген сүрені оқыса намаз есептеледі" деген үкімді бекітті. Енді, Құран осылай деп тұрғанда, мына жақтан хадис «Фатихасыз намаз жоқ» деуде. Енді қайтпек керек?

Егер, хадисті негізге алып «фатиха міндетті түрде оқылу керек, онсыз қай сүре оқылса да намаз есептелмейді» десек, ана жақтағы «кез келген сүрені оқыса намаз саналады» деген Құран үкімін жоққа есептеген боламыз, бұл - үкімді жоюмен тең. Ал, ереже бойынша «Құран аяты (және мүтәуәтр, мәшһур хадистер) ахад хадиспен насих болмайды». Себебі, Құран аяты «қатғи», ахад хадис болса, «занни». 

Мұндай жағдайда аталмыш екі дәлелді (аят пен хадисті) аяттағы үкім өзгермейтіндей бір-бірімен үйлестіріп, ұштастыру жолына жүгіну керек. Осылайша, Ханафи ғалымдары аят пен хадисті ұштастыра келе: «Намазда кез келген аят оқу – парыз (немесе ең аз қысқа үш аят), ал, фатиханы оқу – уәжіп» деген байламға келген. Парыз үкімі – аяттан шығып отыр, уәжіп үкімі - хадистен шығып отыр.

Неге хадистен уәжіп үкімі шығарылған? Неге мұстахаб немесе мубах үкімі шықпаған? – десеңіз, бұл - мәселенің басқа бір тұсы. Оның да өзіндік қағидаттары мен ережелері бар. Ол да «усуль фиқһ» ғылымының зерттейтін саласы. Қысқаша айтқанда, аталмыш хадистен «намазда фатиханы оқу уәжіп» деген үкімнің шығуының екі себебі бар:

1. Хадис ашық, әрі, нақты бұйрық түрінде келген. Усуль тілімен айтқанда: Дәләләті қатғи (قطعي الدلالة). Сондықтан міндеттілікті білдіреді. Мұстахаб немесе мубах үкіміне жорамалданатындай қарина (себеп, желеу) жоқ.

2. Бірақ хадистің келу жолы «занни», яғни бізге келу жолы аяттың дәрежесіндей қуатты емес. Хадис - «ахад жолмен» келгендіктен, «заннилікті», ықтималдықты білдіруде. Сол себепті, парыздан бір саты төмен - уәжіп деген үкім шығып отыр.

Алла білімімізді арттырсын!


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №714 хадис.
[2] الزيادة على النص نسخ
[3] Мүзәммил сүресі, 20 аят.

Абдусамат Қасым