Өлген адамның бөлмесіне неге күріш себеді?
Өлген адамның бөлмесіне неге күріш себеді?
5 жыл бұрын 8366

Сәлеметсіздер ме! Өлген адамның бөлмесіне неге күріш себеді? Бөлмедегі жиһаздарды алып тастаған дұрыс па? Тоғжан.

Сәлеметсіз бе, Тоғжан!

Тайлықтардың сенімінше күрішпен әруақтарды қоректендіруге болады екен. Тайланд елінде жыл сайын өтетін «аш рухтар» мейрамдарында («Пор Тор») әр үй табаққа күріш салып, қасына шырақ жақып қояды. Өлген адамның бөлмесіне күріш себу үрдісі де осыдан бастау алса керек.  

Кейбір ескі нанымдарда күріш себу – үйді жаман энергиядан тазалау рәсімінің бірі саналған. Бөлмеге күріш себу арқылы, рухтың тезірек үйден шығып кетуіне жол көрсеткен болады-мыс. Сол мақсатта үйдің әр бұрышына күріш себіледі. Тұз себетіндер де бар. 

Мұндай наным-сенімдердің біздің төл дінімізде негізі жоқ. Исламда ондай негізсіз ырымдарға нанудан тыяды. Қазақтың ырымында да мәйіт шыққан үйге күріш себу рәсімі болмаған. Мұсылмандар олай жасамайды.

Мұсылманшылықта мархұмды жуып, аққа орап, соңғы сапарына шығарып салғаннан кейін үйінде Құран оқылады. Қажет болса, сол жатқан бөлмені жуып, тазалап, керек десе, дезинфекция жасатуға рұқсат. Мұндайда кей қазақ отбасылары дезинфекция мақсатында адыраспан тұтатып жатады.

Ал, енді бөлмедегі жиһаздарды алып тастаған дұрыс па? – деген сауалыңызға, ол да негізсіз наным-сенімдерден туындаған іс. Шариғат бойынша, қайтыс болған адамның бөлмесіндегі заттар таза, әрі пайдалануға жарамды. Ол жайында толығырақ "Адам жан тәсілім еткен бөлмедегі заттарды қоқысқа тастап жатады. Осы дұрыс па?" деген жазбамызды оқысаңыз болады. 

Абдусамат Қасым