Ғұсыл алуға жағдай жоқ, күн суық. Не істесем болады?
Ғұсыл алуға жағдай жоқ, күн суық. Не істесем болады?
1 жыл бұрын 27730

Ассаламу алейкум. Сұрағым: Ғұсыл алуға ауылда әзірге жағдай жоқ болып тұр. Намаздарымды дәретпен оқысам бола ма? Су болғанымен, мүмкіншілік жоқ. Және де ауырып қалу қауіп басым. Мұндай жағдайдан қалай шығуға болады? А.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Таяммумды рұқсат ететін жағдайлардың бірі – күннің суықтығы. Яғни, күннің суықтығы себепті денсаулығына қауіптенген кісіге таяммум соғуына рұқсат етіледі[1]. Сондықтан да, шомылуға жағдайы жоқ мұсылманға (әсіресе ауылды жерлерде), күннің суықтығы себепті қыс мезгілдерінде ғұсыл үшін таяммум соғуына рұқсат. Бірақ дәретті сумен алады.

Ескі фиқһ кітаптарында бұған қатысты былай делінген: 

«Жүніп болған адамның өміріне қатер туғызатындай яки сырқаттыққа шалдықтыратындай күннің суық болуы да таяммум алуға себеп. Тіпті, ондай кезде қалалы жерде тұратын адамның өзі моншаға түсуге ақшасы болмаса және (шомылғаннан соң) денесін жылытатын нәрсесі болмаса (мысалы, тон, жылы үй), таяммум соғуына рұқсат етіледі»[2]. 

(Таяммум жайында мына сілтемені басыңыз: Таяммумға қатысты мәліметтер)


[1] Табарани: Жәмиъул Кәбир. Ибн Аббастан жеткен хадис.
[2] Ибн Ғабидин: Раддуль мухтар – 2/82 бет. 

Абдусамат Қасым