Мұсылман емес адам нәжіс пе?
Мұсылман емес адам нәжіс пе?
2 жыл бұрын 2742

Ассаламуғалейкум! Мұсылман емес адам нәжіс пе? Яғни, ондай адаммен амандассаң, дәретті жаңалау керек пе? Бағдаулет.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бағдаулет, мұсылман емес адаммен амандасқаны үшін дәрет жаңалаудың қажеті жоқ. Адам – нәжіс емес. Кәпір де болса адамды «нәжіс» деп есептеуге болмайды. Құран Кәрім, «Тин» сүресінде: «Біз адамды көркем суретте жараттық», - делінген[1]. 

Алайда, адам баласы әр түрлі теріс жолдарға түсіп, рухани кірленіп, ішкі жан дүниесі ластануы мүмкін. Оны «рухани нәжістік» немесе «мағнауи нәжістік» дейміз. «Тәубе» сүресіндегі «Шынында, мүшриктер – нәжіс» деген аят – рухани нәжістікті меңзеп тұр[2]. Өйткені, пұтқа табынушылық - надандықтың шарықтау шегі. Рухани азғындаудың биік шыңы. Сол себепті де, Алла Тағала «ширктен» (құдайға серік қосудан) басқа барлық күнәні кешіремін деген[3]. 


[1] Тин сүресі, 4 аят.
[2] Тәубе сүресі, 28 аят.
[3]Ниса сүресі, 48 аят.

Абдусамат Қасым