Доңыздың жүрегін адамға қондыруға бола ма?
Доңыздың жүрегін адамға қондыруға бола ма?
3 жыл бұрын 3103

Қазіргі дамыған медицинада хайуанның белгілі бір дене ағзасын науқас адамға қондыру жолы қарастырылып отырғаны рас. Кейбір елдерде соның ішінде доңыз көзінің мүйізгек қабығын, оның терісін және жүрек клапанын науқас адамға қондыру ісі жүзеге асырылуда. Доңыздың жүрек клапандарын адамға қондыруға бола ма? Дастан.

Шариғат бойынша доңыздың бүкіл ағзасы нәжіс боп есептелгендіктен[1], оның ағзаларын тек зәру жағдайда ғана пайдалануға рұқсат. Дәлірек айтқанда орнын алмастырар өзге орган табылмаса, немесе табылғанымен тигізер пайдасы әлгіден аз  болса ғана пайдалануға рұқсат етіледі.  

Бұл жайында Шафиъи мәзхабының ғалымы Имам ән-Нәуәуи (Хижри 631-676 ж): «Егер (аяғының) сүйегі сынған болса, таза (нәжіс саналмайтын жануардың) сүйекпен қатайту керек. Нәжіс саналатын сүйекпен қатайтуға болмайды...Нәжіс саналатын сүйекті қолдануға аса қажеттілік туындамаса және оның орнын алмастырар нәжіс саналмайтын таза сүйек табылып жатса, әлгі сүйекті қолдану  - күнә...», - дей келе доңыз сияқты ағзалары нәжіс саналатын хайуандардың дене мүшесін тек аса қажетті жағдайда және орнын алмастырар өзге таза орган табылмаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат екендігін айтуда[2].   

Ендеше, аштыққа дұшар болып, тіске басар басқа адал тамақ табылмаған жағдайда ғана шошқаның етін жеуге рұқсат етілгендіктен, өміріне қауіп төндірген дерттен құтылу үшін (өзге емі табылмаған жағдайда) доңыздың қажетті ағзасын қолдануға болады деген нәтижеге баруға болады. Сондықтан білікті дәрігерлердің тоқтамы бойынша, адам жүрегінің ары қарай дұрыс жұмыс жасауының ең тиімді жолы доңыздың жүрек клапанын қондыру болса, оны қолдану күнә болмас. Ең дұрысы Аллаға мәлім!

[1] Әл-Фәтәуа әл-Хиндия: Китабул Кәраһат – 5/434 бет.
[2] Әхкәму әл-Жәррахати ат-Тыббия – 401 бет.

Абдусамат Қасым