Денені арақпен ысқылауға бола ма?
Денені арақпен ысқылауға бола ма?
3 жыл бұрын 1125

Ассалаумағалейкум! Менің сұрағым, осы адамдар ауырып қалса, мысалы тұмау тигенде, денесіне суық өткенде бірден арақпен денелерін ысқылап жатады, сол дұрыс па? Сондай кезде арақты пайдалану күнә емес пе? Әсіресе намаз оқып жүрген кісіге? Сағынғали.

Уағалейкум ассалам! Сағынғали, сұрағыңызға жауап бермес бұрын мынаны айта кету керек:

Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтің (р.а.) сөзіне қарағанда, үлкен дәрет, зәр, қан сияқты нәжістер қатарына тек Құранда аты аталған жүзімнен жасалған шарапты ғана жатқызамыз. Ал, бұдан өзге мас қылатын ішімдіктер (ішуге тыйым салынғанымен) нәжіс емес.

Бұнымен қатар, өзге мәзһаб ғұламаларының кейбірі (Рабиға, ас-Санаъани, әш-Шәукәни т.б.) ішімдік атаулыны зәр секілді табиғи нәжіс деу күмәнді дейді. Олардың пікірінше, аяттағы айтылған «рижс» сөзі «табиғи емес нәжістікті» білдіреді[1]. Яғни, ішімдікті ішу харам болғанымен, ол киімге не денеге жағылған кезде намазға кедергісі жоқ.

Бірақ Имам Мұхаммед және ғалымдардың басым көпшілігі Құранда айтылған шарап секілді, өзге де мас ететін ішімдіктерді «үлкен нәжіс» қатарынан санаған[2].

Енді, осы екі пікірді ұштастыра келе және Пайғамбарымыздың «Алла Тағаланың харам еткен нәрселерінде сендерге шипа жоқ»[3] деген хадисін назарға ала отырып айтарымыз,  егер арақпен ысқылау денедегі суықты тез алып, сауығуын тездетер болса немесе одан басқа ысқылайтын дәрі табылмаған болса ғана қолданған жөн. Қазіргі таңда ондай дәрінің табылуы қиынға соқпас.

[1]Әл-Мәусуғатуль Фиқһия – 5/27 бет.
[2]Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар – 10/37 бет.;Әл-Мәусуғатуль Фиқһия – 5/19 бет.
[3]Әл-Һәйсәм: Мәжмаъ - №8287 хадис. 

Абдусамат Қасым