Ауа райы болжамына сенуге бола ма?
Ауа райы болжамына сенуге бола ма?
3 жыл бұрын 2540

Үлкен кісілер айдың тууына, күннің шығуы мен батуына, жұлдыздарға қарап күннің райын болжап айтып жатады. Жаңа туған ай шалқасынан жатса, «Өзіне жайлы, елге жайсыз, аяз болады екен» десе, жұлдыздарға қарап та жаз  бен қыстың қандай болатынын болжайды. Бірде «Үркер аяғын суға малып туыпты, жаз жаңбырлы болады екен» десе, бірде «Үркер тасқа түсіпті, жаз құрғақ, қуаңшылық болады екен» деп жатады. Осындай болжамдарға сенуге бола ма? Шариғатта жұлдызшыға, көріпкелге сенуге болмайды деген бар еді. Бұл соған жатпай ма?  Ақлима Сембаева, Оңтүстік Қазақстан облысы. 

Ақлима ханым, ауа райы болжамы өмірлік тәжірибеден, күнделікті табиғат құбылыстарын бақылау арқылы туындаған дүние. Ол ғылым мен тәжірибеге сүйенгендіктен оның шариғатқа қайшылығы жоқ. Себебі, Алла Тағала табиғат заңдылықтарын жаратып, көп дүниелерді сол заңдылықтарға бағынышты етіп қойған. Адам баласы сол заңдылықтарды анықтай отырып, одан туындайтын нәтижені болжай алады. Сондықтан, ауа райы болжамына сеніп, соған қарай ертеңге жоспар құрып жатса, оның еш сөкеттігі жоқ.

Жаңа туған ай шалқасынан жатса, «өзіне жайлы, елге жайсыз, аяз болады», «күн қызарып батса, ертеңгі күн ашық болады» деген болжамдар көшпелі халқымыздың табиғат құбылыстарын бақылай отырып түйген дүниелері. Ал, қазақтың бұл болжамдары астрономия ғылымына қаншалықты сәйкес екенін осы ғылымның мамандарынан сұраған абзал.

Абдусамат Қасым