«Бақара сүресінен кірпік шығады, соны қайнатып ішсе, вирусқа ем болады» деген сөз қаншалықты рас?
«Бақара сүресінен кірпік шығады, соны қайнатып ішсе, вирусқа ем болады» деген сөз қаншалықты рас?
5 жыл бұрын 16714

Сәлеметсіз бе! «Бақара» сүресінен кірпік шықса, ем екен. Пайғамбарымыз (салалаху алейхи уассалам) бір әйелдің түсіне кіріп, осылай аян беріпті: «Бақара» сүресінен кірпік табасыңдар, сол жерде жүріп жатқан вирусқа шипасы. Қайнатып ішесіңдер» депті. Осы рас па? Жансая.  

Сәлеметсіз бе!

Құрметті сауал қоюшы, Исламда екі түрлі емдеу шарасы бар:

1. Медицина жолымен емделу. Бұған хижама жасату, қара зере ішу сияқты тәжірибемен дәлелденген сахих хадистердегі кейбір ем-дом шараларын да жатқызсақ болады. Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір бәдәуи: «Уа, Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе? – деп сұрағанда, Ол (с.а.у.): «Әрине. Ей, Алланың құлдары, ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар», – деп жауап берген. 

2. Құран аяттары мен Пайғамбарымыз үйреткен дұғалармен дем салу арқылы емделу. Құран Кәрімде былай делінеді:

وَنُنَزِّلُ مِنَ الْقُرْآنِ مَا هُوَ شِفَاءٌ وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ ۙ وَلَا يَزِيدُ الظَّالِمِينَ إِلَّا خَسَارًا

«Біз Құраннан шипа болар әрі мүміндерге рахым болар (аяттар) түсіреміз. Залымдардың болса, тек шығынын арттырамыз»[1].

Ендігі жерде, кірпікті қайнатып ішу медицинада айтылмаған. Оның растығын анықтау медициналық зерттеуді қажет етеді. Дінде де «кірпікті қайнатып ішу» деген нәрсе жоқ.

Дінімізде, аян немесе түстен үкім шығарылмайды. Түстегі айтылған дүниелер көбіне иесіне ғана қатысты болып келеді.

Тоқ етерін айтқанда, Құран парағынан табылған кірпікті ем үшін ішу деген нәрсе - шындыққа жанаспайтын, ақылға да, нақылға да теріс сөз.

Алла баршамызға тәуфиқ бергей!


[1] Құран Кәрім: «Исра» сүресі, 82 аят.

Абдусамат Қасым