Дінде күйеуінен зәбір көрген әйелдің ажырасуға сотқа арыз беруі күнә ма?
Дінде күйеуінен зәбір көрген әйелдің ажырасуға сотқа арыз беруі күнә ма?
6 жыл бұрын 10551

Сәлеметсіз бе! Күйеуінен жәбір көрген әйел көну керек пе, әлде ажырасу керек пе? Күйеуі талақ бермесе ше? Не істейді? Сотқа арыз беруі күнә ма? Анон.

Сәлеметсіз бе!

Ең әуелі мына нәрсені ескертіп өткім келеді. Алла Тағала Құран Кәрімде еркек жынысты пенделеріне қарасты: «Жұбайларың сендерден салмақты (жауапкершілігі мол) уәде алған тұғын...»[1], - дей келе, жұбайларына зорлық-зомбылық көрсетпеуді, қиянат етпеуді бұйырса, басқа бір аятта: «өз араларында кешірімділікті ұмытпаңдар»[2], - дей келе, анша-мұнша олқылықтар туындаған жағдайда бірден жанжал шығармай, кешіріммен қарауды насихаттайды.

Бұнымен қатар, "Ниса" сүресі, 34 аятта Жаратушы Иеміз әйелдерге қарасты: «Ер кісілер – әйелдерге қамқоршы (немесе отаға, басшы, жетекші)», - дей отырып, отағасынан бір саты төмен тұру керектігіне ишара етеді. Оның себебін аяттың жалғасында былай баяндайды: «Себебі, Алла бірін екіншісіне артық етті (физиологиялық тұрғыда т.б.) және олар (тапқан) мал-дүниесінен (беріп) нәпақамен қамтамасыз етуде. Ал, салиқалы әйелдер – олар, бойұсынады (яғни, жөнсіз еріне қарсы келмейді). Сондай-ақ, олар (ерлері) жоқ кезде Алла қорғауға бұйырған нәрселерді қорғайды (яғни, ерлері түзде жүргенде отбасының отын түтетіп, мал-жанына бас-көз болады)...»[3].  

Ендеше, отанасы да өз кезегінде әлдебір сын сәттерде парасаттылық танытып, шайтанның түртпегіне ермегені жөн.

Сауалыңызға келер болсақ, Исламда өзінің құдай қосқан қосағы былай тұрсын, ешбір тіршілік иесіне зәбір көрсетуге, азап шектіруге болмайды. Оның күнәсі ауыр. Ал, енді күнде әйелін тоқпақтап, оған зорлық-зомбылық көрсету - харам. Ондай жағдайға тап болған әйел қазыға (бүгінде сот) арыз беріп, заңды түрде ажырасуына құқылы.

Ислам отбасы құқығы бойынша, бұл процесс қысқаша былайша өрбиді: Әйел кісінің ерінің үстінен түсірген шағымы бойынша, зәбір көретіндігі дәлелденсе және араларын жарастыру мүмкін болмаса, қазы «кіші байн талақ» үкімімен некелерін бұзып, екеуін ажыратады. Егер, жәбір көретіндігі дәлелденбесе, қазы әйелдің арызын қабылдамай қоюына құқылы.

Алайда, әйел екінші мәрте арыз түсіріп, бірақ, бұл жолы да күйеуі тарапынан зәбір көретіндігіне нақты айғақ әкеле алмаса, сот екі әділ еркек төреші тағайындайды. Төрешілер мән-жайды зерттеп-зерделейді. Егер, зәбір көрсететіндігі анықталмаған болса, төрешілер арадағы кикілжінді жойып, ерлі-зайыптыларды жарастыруға тырысады. Жарастыру мүмкін болмаған жағдайда олқылыққа себепші болған жақты анықтауға көшеді.

Олқылыққа екеуі бірдей не ері ғана себепші екендігі білінсе, төрешілер сот арқылы «кіші байын талақ» үкімімен некелерін бұзады. Ал, ерінің еш кінәсі болмай, кикілжін тудырып жатқан әйелі екендігі анықталса, сот оның шағымын қанағаттандырмай тастайды. Және келесіде де нақты әрі толыққанды айғақ әкелмей арызын қараусыз қалдырады[4].  

Осы тұрғыда айта кету керек,  әйелдің ешқандай себепсіз ерінен талақ сұрауы - күнә. Бұл жайында пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.с.): «Қайсыбір әйел, ешқандай залал көрмесе де күйеуінен талақ сұрайтын болса, ол әйелге жәннаттың иісі харам»[5], - деген. Бұл хадистің аясында «сот жүзінде ажырасуды да» қарайтын болсақ, шариғатта көрсетілген белгілі бір себептер болмаса (мысалы, зорлық-зомбылық, ерінің хат-хабарсыз кетуі т.б.), қит етсе «ажырасамға» басып, кейбір шешімі оңай мәселелерді сылтауратып, сотқа арыздануы да күнә болмақ. Ажырасу – соңғы шешім екендігін ұмытпаған жөн.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 

(*Талақ үш түрлі: "рижғи талақ", "кіші байын талақ" және "үлкен байын талақ". Біріншісінде (рижғи), ерлі-зайыптылар үш хайыз уақыты ішінде неке жаңартпастан татуласа алады. Екіншісінде (кіші байын), қайта татуласқысы келген ерлі-зайыптылар неке жаңартулары шарт және әйелдің ризалығы маңызды әрі жаңадан мәһр белгіленеді. Үшіншісінде, қайта қосылу үшін әйел басқа ер кісіге тұрмысқа шығып, белгілі бір себептермен ажырасып жатса ғана, әлгі бұрынғы еріне халал болады).


[1] Құран Кәрім, Ниса сүресі.
[2] Құран Кәрім, Бақара сүресі, 237 аят.
[3] Құран Кәрім, Ниса сүрәсі, 34 аят.
[4] Абдуррахман әл-Хилләф: «әл-Ахкәмул Әхуалуш шахсия».  164 бет.; Әбу Заһра: «әл-Ахуәлуш шахсия». 361 бет.
[5] Әбу Дәуід: Китабут Талақ – бәбу фил Хулъи- №2226 хадис.

Абдусамат Қасым