Үй, Пәтер аламын деп жинап жатқан ақшамнан зекет беремін бе? Ол жайында Ханафи ғалымдары не деген?
Үй, Пәтер аламын деп жинап жатқан ақшамнан зекет беремін бе? Ол жайында Ханафи ғалымдары не деген?
3 ай бұрын 1266

 Пәтер аламын деп жинап жатқан ақшамнан зекет беремін бе?

Бисмилләһир рахманир рахим

Шариғатта бір мұсылманның қолындағы суы ішуге ғана жетіп тұрса, одан басқа суы болмаса, ол суы жоққа есептеліп, дәреттің орнына таяммум соғады. Тура сол сияқты, өзінің «негізгі (асли) қажеттіліктеріне» жұмсалатын ақшалары да жоқ есебінде болып, олар зекетке есептелмейді. Ғалымдарымыз: «әл-Мәшғұл би хәжжәтиһиль аслия кәл-мәъдум» деген. Мағынасы: «Өзінің негізгі қажеттілігіне қолданылатын дүниелері жоққа есеп»[1].

Негізгі қажеттіліктерге не жатады?

Негізгі қажеттілікке ескілікті Ханафи ғалымдары «кісіден қатерді бертарап ететін нәрселер» деп анықтама береді де, мысал ретінде мыналарды атап өтеді: нәпақа (ішім-жем), баспана, соғыс құралдары, ыстықтан немесе суықтан қорғайтын киім-кешек, қарыздары, кәсіпке қажетті құралдар, үйдің негізгі жабдықтары, мінетін хайуан, ғалымдар үшін ғылыми кітаптар өйткені ғалымдар үшін сауатсыздық қатермен тең. Егер қолындағы дирхамдары аталмыш қажеттіліктеріне қолданылу үшін болса, олар (дирхамдары) жоққа есеп» дейді ғалымдар[2].

Ал енді үйі жоқ кісі пәтер алу үшін жинап жатқан ақшасынан зекет бере ме?

Бұған қатысты ескілікті Ханафи ғалымдары арасында екі түрлі пәтуа бар. Ғалымдардың бір сыпырасы «оған да зекет берілу» керек десе, басқа бір топ ғалымдар «зекет берілмейді» деген. 

Мәселен, қазіргі дін мамандары арасынан Мысыр елінің бұрынғы мүфтиі Доктор Али Джума үй аламын деп жинаған ақшасынан зекет берілмейді дейтіндердің қатарынан. Оның бұл тұжырымы да негізсіз емес. Ескілікті Ханафи ғалымдарының арасынан үй үшін жинаған ақшадан зекет берілмейді дегендер болған. Мысалы, Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин (рахимаһуллаһ) өзінің атақты фиқһ кітабында мынадай тұжырымдарға орын беріп өтеді:

فإذا كان معه دراهم أمسكها بنية صرفها إلى حاجته الأصلية: لا تجب الزكاة فيها إذا حال الحول وهي عنده، لكن اعترضه في "البحر" بقوله: "ويخالفه ما في "المعراج" في فصل زكاة العروض: أن الزكاة تجب في النقد كيفما أمسكه للنماء أو للنفقة، وكذا في "البدائع"

«Бір мұсылманның қолында дирхам ақшасы болып, ол оны «негізгі қажеттілігіне» қарыштаймын деген «ниетпен» ұстап отырса, қолында тұрғанына бір жыл өтсе де, ол ақшадан оған зекет беру міндет болмайды. Бірақ бұндай пікірге (Ибн Мәліктің пікіріне) «әл-Бахр» кітабында автор (Ибн Нүжейм) қарсы шыққан, және де «Миъраж» кітабында: «Мейлі көбею үшін ұстап отырған болсын, мейлі нәпақаға жұмсаймын деп ұстап отырған болсын, қолындағы ақшадан зекет беру міндет болады» деп, қарама-қайшы пікір айтылған. «Бәдәиъ» (Имам Кәсәни) кітабында да солай...»[3] дейді Ибн Ғабидин (рахимаһуллаһ).

Сондай-ақ, Ханафи ғалымы Имам Тахтауи, өзінің «Хәшиясында» мынадай деп пікір білдіреді:

وعن حاجته الأصلية" كثيابه المحتاج إليها لدفع الحر والبرد وكالنفقة ودور السكنى وآلات الحرب والحرفة وأساس المنزل ودواب الركوب وكتب العلم لأهلها فإذا كان عنده دراهم أعدها لهذه الأشياء وحال عليها الحول لا تجب فيها الزكاة 

«Негізгі (асли) қажеттіліктен артылған болуы. Мысалы, ыстықтан-суықтан қорғатын киім, ішім-жем (нәпақа), баспана, соғыс құралдары, кәсібіне қажетті құралдар, үйдің негізгі жихаздары, мініс, ілім иесі үшін ілім кітаптары – (бұлар негізгі қажеттілікке жатады). Егер, бір кісі қолындағы дирхамын аталмыш нәрселерге жұмсау үшін дайындап қойса және арадан бір жыл өтсе, ол ақшадан оған зекет беру міндет емес...»[4].  

Демек, Ханафи ғалымы Имам Тахтауидің (р.а.) тоқтамы бойынша, үй аламын деп ұстап отырған ақшасынан зекет беру міндет емес екен. Алайда, осылай деген Имам Тахтауи сөзін жалғап: «Бұл – «Миъраж» бен «Бәдәиъ» кітаптарындағы үкімге қарама-қайшы, онда айтылғаны бойынша: «ақша мейлі нәпақа үшін немесе көбейту үшін ұстап отырған болса да, зекетін беру керек» делінеді» - деп, ескілікті Ханафи ғалымдарының өздері бұған қатысты екі түрлі тұжырымды алға тартқандығын білдіріп өтеді[5].

Қазіргі таңдағы дін мамандарының бұған қатысты келтірген пәтуаларын да төрт топқа бөлуге болады:

  • 1) Үй алу үшін жинап жатқан ақшасынан Зекет берілу керек.
  • 2)  Үйі жоқ кісінің үй алу үшін жинап жатқан ақшасынан Зекет берілмейді, ол ақша зекет ақшасына жатпайды[6].
  • 3) Егер, үй аламын деп ақша жинап және сол мақсатта қам-қарекет жасалып жатса (мысалы, біздің елдегі отбасы банкке салып қойсаңыз немесе бөліп төлеуге (рассрочкаға, дольчик) сататын мекемемен келісім жасасуды ойлап, қолайлы бір мекемені қарастырып жүрсеңіз), ол кезде жиналған ақшадан зекет бермейсіз. Ал болашақта алармын деп жинап жатсаңыз, әзірге қам-қарекет жасалып жатпаса, ол ақшадан зекет берілу керек[7].  
  • 4) Және төртінші пікір, бұл мархұм Юсуф әл-Қардауидің бір бағдарламада берген жауабы, ол келесідегідей: «Үйі жоқ адам үй алу үшін ақша жинаса, ол ақшадан зекет берілмейді, себебі ол «негізгі қажеттілікке» жатады, алайда оның бір шарты бар. Оның шарты – егер бір, екі не үш жыл ішінде үйді алатындығы нақты болса. Ал егер он жыл, жиырма жылдан кейін аламын деп жинап жатса, ол кезде ондай ақшадан зекеті берілу керек, өйткені, он жыл, жиырма жыл үй аламын деп зекетін бермей жүре берген жөн емес, кедейлерін ақсын жеген болады».

Қорытынды

Қорыта айтқанда, үйі жоқ кедей санатындағы мұсылман пәтер аламын деп ақша жинап жүрген болса және жинаған ақшасы «нисаб мөлшеріне» жетсе, оған "ол ақшадан зекет беру міндет емес делінетін Ханафи ғалымдарының пәтуасымен амал етсе қате болмайды, өйткені, үйі жоқ адам үшін үй – негізгі (асли) қажеттіліктен саналады. Ал зекеттің басты шарты - өзінің негізгі қажеттіліктерінен артылған болуы.

Оның үстіне, үйі жоқ кедей кісінің отбасынан жырып тырнақтап жинаған ақшасынан зекетін бер деу жөнсіз болар еді. Оның үшін, кедей санатындағы мұсылманның үй алу үшін жинап жүрген ақшасынан зекет беру міндет емес деген дұрысырақ. Ал бай санатындағы адам үшін немесе үйі бар болып тұрып басқа үй алғысы келетін мұсылман үшін, мұның қатысы жоқ, олар сол мақсатта жинап жатқан ақшалары нисаб мөлшеріне жетіп тұрса, зекетін беруі керек. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Уа ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


[1] Ибн Ғабидин: Роддуль Мұхтәр». Китабуз Зәкәт. 3/178 бет.
[2] Ибн Ғабидин: Роддуль Мұхтәр». Китабуз Зәкәт. 3/178 бет.
[3] Ибн Ғабидин: Роддуль Мұхтәр». Китабуз Зәкәт. 3/178 бет.
[4] Имам Тахтати: «Хәшияту Тахтауи аля Мароқиль Фәләх», Зекет бөлімі, кіріспе. 
[5] Имам Тахтати: «Хәшияту Тахтауи аля Мароқиль Фәләх», Зекет бөлімі, кіріспе.
[6] Доктор Али Джума, «Даруль Ифтә Мысрия». (Мысыр пәтуа үйі).
[7]  Turkiye Din İşleri Yüksek Kurulu. (Дін істері Жоғарғы Кеңесі).

Абдусамат Қасым