Шошқаның қиын тыңайтқыш (удобрение) ретінде қолдануға бола ма? Ондай жерден шыққан өнімді жеуге бола ма?
Шошқаның қиын тыңайтқыш (удобрение) ретінде қолдануға бола ма? Ондай жерден шыққан өнімді жеуге бола ма?
3 ай бұрын 2111

Ассаламуғалейкум! Шошқаның «навозын» «удобрение» қылып қолданса, одан өсіп шыққан көкеністі жеуге бола ма? Тұрар.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Доңыздың қиы тұрмақ, тұла бойы нәжіс саналады. Дегенмен, оны тыңайтқыш ретінде қолданса, ол жерден өсіп шыққан жемістер мен жер өнімдері адал және таза саналады. Өйткені, жемістердің бойына нәжіс сіңбейді. Тіпті, шариғатта нәжіс араласқан сумен суғарылған жемістерді де жей беруге болады. Бұған қатысты Ханафи ғалымы Әбу Суудтың (р.а.) мынадай сөзі кітаптарда келтірілген:

الزُّرُوعُ الْمَسْقِيَّةُ بِالنَّجَاسَاتِ لَا تَحْرُمُ وَلَا تُكْرَهُ عِنْدَ أَكْثَرِ الْفُقَهَاءِ

«Фақиһ ғалымдардың көпшілігінің тоқтамы бойынша, нәжістермен суғарылған жер өнімдері харам да, мәкруһ те емес»[1].

Және де ешбір ғалымдар малдың қиын тыңайтқыш ретінде қолданудың әбестігін және одан өсіп шыққан өнімнің харамдығын айтпаған. Хайуандардың қиын тыңайтқыш ретінде қолдануға болатындығына ешкім жоққа шығармаған. «Онда ешкімнің қарсылығы жоқ» деген Имам Харамәйн. Алайда, доңыз қиын тоңазытқыш ретінде қолдануға бола ма, жоқ па, дегенге қатысты Ханафи кітаптарынан мәлімет кездестірмедік, әйтсе де, кейбір дін мамандарының доңыздың қиын сатуды мәкруһ санауынан, әрі, доңыз өзге хайуандардан гөрі ерекше харам болғандықтан, оның қиын тыңайтқыш ретінде қолданудың мәкруһ болатындығын айтуға болады. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей, доңыздың қиымен тыңайтылған жерде өсіп шыққан жемістер – таза және жеуге жарамды болмақ. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Уә ахиру даъаған әнильхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


[1] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр» - (Китабуль Хазр уәл ибаха).