Үй жинап жүріп, Құранның аудио оқылуын қойып қойса бола ма?
Үй жинап жүріп, Құранның аудио оқылуын қойып қойса бола ма?
5 жыл бұрын 18806

Ассаламу алейкум! Менде бір сұрақ бар еді. Үйде ыдыс жуып жатып немесе басқа да үй жинау секілді тірліктермен айналысып жүріп соткадан не телевизордан Құран қойып тыңдап жүре берсе бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бәріңізге белгілі болғандай намазда болсын, құтбада немесе әлдебір жиналыста болсын, Құран оқылған сәтте үндемей құлақ салып тыңдау парыз. Өйткені Құран аятында: «Құран оқылған сәтте, оған құлақ салып тыңдаңдар да, үндемеңдер. Мүмкін рахымға бөленерсіңдер!» - делінеді[1].

Бірақ осы аяттағы мынадай бір ньюансқа назар аудартқым келіп отыр. Аятта «Құран оқылған сәтте» делінген. Бұл дегеніміз, тыңдау парыз болудың шарты – Құран оқылған болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, ол үшін «Қырағат» шарт.

Ал, қырағат деп - ақыл-есі дұрыс, тірі адамның дауыстап оқуын айтамыз. Сол себепті, ақылы жоқ, жансыз нәрселерден шыққан дауысқа «қирағат» делінбейді. Мәселен, Ханафи фақиһ ғалымдар (фиқһ білгірлері) оқылған Құранның жаңғырығынан «сәжде аятын» естіген адамға «тиләуәт сәждесін» жасау үкімі туындамайды деген[2].

Демек, Құранның аудио және видео нұсқасы Құран оқушының тек даусының көшірмесі болғандықтан, ол да «қирағат» ретінде саналмайды. Мұны – қырағаттың жаңғырығы, оқылған дыбыстың шағылуы іспетті деген дұрыс. Олай болған жағдайда, «үндемей тыңдау уәжіп» деген үкім - Құранның аудио немесе видео оқылуына қатысы жоқ[3]. Мысалы, Құранның аудио оқылуын тыңдап жатып, ұйқыға кеткен адамға күнә жазылмайды.

Ендеше, үй шаруасымен айналысып жүріп, Құранның аудио не видео оқылуын қойып қоюдың күнәсі жоқ деуге негіз бар.

Алайда, Құранның аудио нұсқасы болса да, оқылып жатқан тұста керекті құрмет көрсетіліп, белгілі әдеп сақталу керек. Құрметсіздік тудырар әрекеттер орын алмаған болуы керек. Мәселен, құранды қосып қойып, ерсілі-қарсылы жырқылдап күлісіп, алаңсыз сауық-сайран құрып отыруға немесе онымен жағаластырып ән қосып, музыка ойнатып қоюға болмайды. Бұндай әрекеттер Құранға деген құрметсіздік болып саналады.


[1]Ағраф сүресі, 204 аят:  وَإِذَا قُرِئَ الْقُرْآنُ فَاسْتَمِعُوا لَهُ وَأَنصِتُوا لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ
[2] Имам Шүрунбүләли: Имдат – 502 бет.
[3] Елмалылы Мұхаммед Хамды Языр: Құран Кәрім Тәпсірі, «Ағраф» сүресі, 204 аят тәпсірі.

Қосымша мына тақырыптарды да оқысаңыз болады: 

Абдусамат Қасым