Құранның аудио жазбасынан сәжде аятын естіген жағдайда «тиләуәт сәждесін» жасау шарт па?
Құранның аудио жазбасынан сәжде аятын естіген жағдайда «тиләуәт сәждесін» жасау шарт па?
7 жыл бұрын 7875

Әссәләмуғалейкум! Ұялы телефон арқылы оқылған Құрандағы сәжде аяттарын естіген адамға да "тиләуәт сәждесін" жасау керек пе?

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ертеректе жазылған Ханафи фиқһ кітаптарында: "сәжде аяты оқылғанда, оқыған адамның өзін емес даусының жаңғырығын естіген жағдайда «тиләуәт сәждесін» жасау шарт емес" делінген [1].  

Олай болса, Құранның аудио және видео нұсқасы Құран оқушының тек даусының көшірмесі болғандықтан, аудио не видео арқылы сәжде аятын естіген мұсылманға «тиләуәт сәждесін» жасау шарт емес.  

Сондай-ақ, ақылы ауысқан жындының және сөйлеп үйренген тотықұстың оқыған сәжде аятын естіген кісіге де сәжде жасау уәжіп емес[2]. Өйткені, сәжде жасау уәжіп деуіміз үшін ақыл-есі дұрыс тірі адам тарапынан оқылған  болуы тиіс[3].

 «Тиләуәт сәждесі» деген не?

Құран Кәрімдегі сәжде жасауға бұйырған аяттардың бірін оқуды «тиләуәт сәждесі» дейміз (тиләуәт - оқу дегенді білдіреді). Әйтсе де, еліміздегі намазхан қандастарымыздың арасында "тиләуәт сәждесі" деп, көбінесе сәжде аятынан кейін жасалатын сәждені айтады. Құран Кәрімнің он төрт жерінде сәжде аяты келген[4]. Ханафи мазһабында осы аяттарды оқыған не естіген адамға бір рет сәжде жасау – уәжіп. 


[1] Шүрунбүләли: Имдат – 502 бет.
[2] Хашияту Ибн Ғабидин – 4/573 бет.
[3] Хашияту Ибн Ғабидин – 4/558 бет.
[4] Сәжде аяттары: Ағраф, 206; Рағыд, 15; Нахыл, 50; Исра, 109; Мәриям, 25; Хаж, 18; Фурқан-60; Нәмл, 25; Сәжде, 15; Сад, 24; Фүссиләт, 37; Нәжм, 62; Иншиқақ, 20; Алақ, 19.

Абдусамат Қасым