Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «барлығы қалды, жауырын етінен басқасы» деген?
Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «барлығы қалды, жауырын етінен басқасы» деген?
4 жыл бұрын 12238

Ассаламуғалейкум! Пайғамбарымыздың «барлығы қалды, жауырын етінен басқа» деген хадисін түсіндіріп бересіз бе? Нұрбек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сахих риуаяттардың бірінде орын алған мәліметте, Пайғамбарымыз (с.а.у) құрбан айт күні қой сойып, оның етін таратып беруін жұбайы Айша анамызға тапсырады. Айша анамыз қой етін түгелдей таратып, өздеріне тек жауырын етін ғана қалдырады. Көп ұзамай Пайғамбарымыз (с.а.у.) оралып: «Қой етін таратып бердің бе?» - деп сұрайды. Айша (р.а.): «Иә. Расулаллаһ! Етінің бәрін таратып бердім. Бізде жауырын етінен басқа ештеңесі қалмады», - деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):

 بقيَ كلُّها غيرَ كتفِها

«Бәрі қалды, жауырын етінен басқасы», - деген екен[1].  

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтпағы:

«Алла үшін не садақа еткен болсақ оның сауабы бізбен бірге ақыреттік азығымыз ретінде қалады. Сондықтан да, аталмыш қой етінің өзін садақа еткенімізбен сауабы ақыретке дейін бізде қалмақ. Ал, біздегі жауырын еті болса, ішіп-жеумен жоқ болады. Сол тұрғыдан қарағанда, қой етінің бәрі бізде қалып отыр, жауырыннан басқасы», - дей келе мәселенің басқа бір қырына назар аудартып отыр.

Құран Кәрімде де осыған ишара етілген мынадай аят бар. Ол аятта Жаратушы Иеміз былай дейді:

مَا عِندَكُمْ يَنفَدُ ۖ وَمَا عِندَ اللَّهِ بَاقٍ

«Сендерде не бар болса, ол түгесіледі. Алланың құзырындағы қалушы»[2].


[1] Имам Тирмизи: «Сүнән»; Имам Нәуәуи: «Риядус Солихин». Хадистің басқа нұсқасында «Зираъ» (ذراع) сөзі қолданған.
[2] Құран Кәрім: «Нахл» сүресі, 96 аят.

Абдусамат Қасым