Дін бойынша көгершін асырауға бола ма?
Дін бойынша көгершін асырауға бола ма?
6 жыл бұрын 10158

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Менің сұрағым: Мұсылман адам, яғни, намазхан адам үй көгершіндерін асыраса, онысы күнә ма? Осыған қандай жауап айтасыз? Наурызбек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Хадис кітаптарында орын алған бір риуаятта, Пайғамбарымыз (с.а.у.) көгершіннің артынан ілесіп жүрген адамды көріп: «Шайтан, шайтанның соңынан жүр», - деген екен[1].

Хадистегі кептер соңындағы адамды шайтан деуінің мәні: өзіне еш пайдасы жоқ нәрселермен шұғылданып, соның соңынан қуып жүрудің жөнсіз екендігін білдірсе, көгершін асыраудың адамдағы кейбір міндеттемелерді ұмыттырып қоятындығына ишара болса керек.  

Оның үстіне, көгершін асыраушы кісілер көбіне үйдің төбесінде, шатырда жүреді. Бұл болса, көрші үйлердегі бөтен адамның көрмеуі тиіс дүниелерді көруге жол ашуы мүмкін. Мысалы, көшеде хижаб киіп, тұмшаланып жүрген әйел адам бөтен көзден таса кездерінде өз үйінде және үйінің ауласында хижабсыз жүретін сәттері болады. Және әдетте сол күйінше үйдің шаруасымен далаға кіріп-шығып жүреді. Ал, күні бойы шатырда кептер ұшырып жүрген ер адам сондай ыңғайсыз нәрселерге күә болып, біреудің ақысына кіріп жатады. Оның арты өсек-аяндарға, келеңсіз әңгімелерге алып келуі де ғажап емес.  

Осыған орай, кейбір Ханафи ғалымдары: «Шатырдың үстінде құс ұшыру, осылайша мұсылмандардың сырт көзден жасырған ұятты нәрселерін көріп, көгершіндерге лақтырған тастарымен жұрттың терезелерін сындыру харам...»[2], - деген.  

Бұнымен қоса, кейбір ескі ғалымдар, оның мәкруһ болуының себебін - өзгенің шарбағындағы еккен бидайын жеп, егісін шоқып кететіндігімен байланыстырса, кейбір ғалымдар ақыл тоқтатқан шағында кептердің соңынан қуып, сықырып, шапалақ ұрып жүруді парасаттылыққа қайшы санап, жеңіл мінезділікке балаған.

Ал, жұмыртқасын алу үшін немесе балапанын алу яки ертеректе хат тасу мақсатында көгершін баулитын болған, осындай мақсаттар да асырауға рұқсат делінген кітаптарда. 

Тоқ етерін айтқанда, егер пайдасы болса, кептер асыраудың харамдығы жоқ. Алайда, еш пайдасыз, құр ермек үшін асырау және ол нәрсені құмарлыққа (азарт) айналдырып, осылайша бүткіл уақытын соған сарп ету – мәкруһ. Ал, онысы айналасына залалын тигізіп, көршілерінің ақысына кіруге алып келіп жатса, мүлдем харам болмақ.  

Осы тұрғыда қапаста құс асыраудың күнәсі жоқтығын айта кетелік. Тек, уақытылы тамағын беріп, қажетті тазалық сақталуы тиіс.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Әбу Дәуід: Сүнән. «Көгершінмен ойнау тарауы», №4940 хадис. Әбу Һурайрадан риуат етілген.
[2] Ибн Ғабидин: әл-Һәдия – 209 бет.

Абдусамат Қасым