Хайызы келген әйелге қадір түні не істесе болады?
Хайызы келген әйелге қадір түні не істесе болады?
3 жыл бұрын 11351

Етеккірі келген әйелге мешітке кіруге, Құран оқуға, тыссыз Құран ұстауға, намаз оқуға және ораза ұстауға болмайды[1]. Сондықтан, бұл жағдайға тап болған әйел кісі мешітке келмей, қадір түнін өз үйінде өткізеді. Ардақты Пайғамбарымыз өзінің асыл сөзінде: «Етеккірі келген әйел мен ғұсылы жоқ адамға (жүніп) мешітке кіруді халал етпеймін»[2] , – дей отырып етеккір кезінде әйел кісіге мешітке кіруіне болмайтындығын айтқан.

Ендеше, ондай жағдайдағы әйел қадір түнін үйінде күтеді. Намаз оқымағанымен Алладан дұға тілеп, тәспі тартып «субхәналлаһ», «әлхамдулиллаһ», «Аллаһу әкбәр» деген сияқты зікірлер мен «астағфирулла» деп кешірім  айтып отыруына болады. Сондай-ақ, жаттаған дұға-аяттарын да дұға мақсатымен оқуына болады. Қадір түнінде мына дұғаны оқу мустахаб: «Аллаһумма иннәкә ғафу’ун тухиббуль ғафуә, фәғфу анни!».(Мағынасы – Уа Жаратушы ием! Сөзсіз Сен кешірімдісін әрі кешіруді жақсы көресін. Мені кешіре гөр!).  Айша анамыз Алланың Елшісінен: «Қадір түнінде не айтсам болады?», – деп сұрағанда, Ол (с.а.у) осы дұғаны айтуды кеңес еткен[3].

[1] Бурхануддин әл-Мәрғинани, әл-Хидая – 1/74 бет.
[2] Әбу Дәуід, Китабут Таһара - №232-хадис.
[3] Әл-Хаким, әл-мүстәдрак –779-баб/№1985-хадис.

Абдусамат Қасым