Дивертикулезге шалдыққан адам әр намазға дәрет ала ма?
Дивертикулезге шалдыққан адам әр намазға дәрет ала ма?
10 жыл бұрын 3703

Менің «дивертикулез» деген ауруым бар еді. Кей уақытта көп желденемін, кейде қойған сияқты болады. Дәрі ішіп жүрмін, бірақ желденуді тоқтату қиын. Оның тоқтайтын уақыттары белгісіз. Сұрайын дегенім, көшеге шығар кезде үйден дәрет алып шығам. Сол кездері не істеймін? Жел шыққан сайын дәрет аламын ба? Қайта қайта дәрет аламын деп намаздан суып кетемін бе деп қорқамын. Мен үзірлі саналамын ба? Әр намаз үшін уақыты кірместен дәрет алсам, желденетін болсам дәретім санала ма? Қ.

Уағалейкумуссалам, Қ. мырза!  Шариғатта  истихаза қаны[1], зәр тоқтамау, іштің тоқтаусыз өтуі, үнемі жел шығуы, мұрыннан немесе жарадан тоқтаусыз қан ағып тұруы сияқты үзірлі жағдайлардың біріне тап болған кісі бес уақыт намаздың әр қайсысына дәрет алады. Бір уақыт намазға алған дәреті келесі намаздың уақыты кіргенге дейін (дәретті бұзатын басқа бір жағдай болмайынша) жарамды.  Сол уақыт ішінде дәретін жаңаламастан қалаған құлшылығын жасай алады[2]. Ендеше, сіз де тап осылай әр уақыты кірген парыз намаз үшін дәрет алуыңыз керек. Бұл дәретіңіз келесі намаздың уақыты кіргенге дейін жарамды. Ал намаз уақыты кірмей тұрып алған дәретіңіз енді кіретін намазға жарамсыз. Оған қайта дәрет алу керек болады.  Сондықтан, намаз уақыты кіргеннен кейін дәрет алуға тырысыңыз. Сонда дәретіңізді жиі алған болмайсыз.

Бір адамды үзірлі деп есептеуіміз үшін бойындағы үзірі бір намаз уақыты бойы жалғасуы керек. Содан кейінгі намаз уақыттарында бір рет болсын көрінуі оны үзірлі деп есептеуге жеткілікті. Мысалы, бесін намазының уақыты кіргеннен бастап шыққанға дейін мұрнынан тоқтамай қан аққан кісі үзір иесі саналады. Келесі екінті уақыты ішінде бір рет болсын мұрынан қан ағуы,  үзірінің тоқтамағандығының белгісі. Бұл кісі келесі келетін шам намазы кіргенде даретін жаңалауы шарт.

Керісінше, бойындағы үзірі бір намаз уақыты бойы көрінбесе, бұл ол үзірдің тоқтағандығының көрсетеді. 



[1] Истихаза қаны – құрсақтан емес, дененің бір тамырынан ағатын қан. Балиғат жасына толған әйелдің үш күннен аз, он күннен артық аққан қаны етеккір (хайыз) қаны емес, үзір қаны болып табылады. Нифас болған әйелдің қырық күннен кейінгі және жүкті кезіндегі қаны да үзір қаны. (М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы – 70 бет. Алматы.)

[2] Маусули, Ихтияр: 1/105-107 бет.

Абдусамат Қасым