Уақытша тіркелмегеніңіз үшін айыппұл салса не істеу керек?
Уақытша тіркелмегеніңіз үшін айыппұл салса не істеу керек?
7 жыл бұрын 7060 7kun.kz Камила Дүйсенова, Ақсәуле Әбітай, Берлин Иришев

Танымал заңгер Жангелді Сүлейманов өзінің Facebook парақшасында Уақытша тіркеу туралы заңға қатысты бірнеше ескертулерді айтып өтті. Сонымен бірге, Сүлейманов қазақстандықтарға уақытша тіркелмегені үшін әкімшілік жауапқа тартқан жағдайда өзін қалай ұстауы керектігі туралы кеңестер берді.

— Ел болып тұрғылықты жер бойынша уақытша тіркеу туралы заңды талқылап жатыр. Барлығы дерлік қарсы. Ал мен қолдаймын, тек ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару қажет деген тұсын алып тастаса,–дейді заңгер.

Мұндай міндеттемелерсіз жаңа жүйе ойлап тапсын, себебі оған өте көп уақыт кетеді. тіркелу құнын да алып тастағаны мақұл.

Тіркелу ережесін бұзған меншік иесі де, жалдап тұрып жатқан тұрғын да Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 492-493 баптары бойынша жауапқа тартылады.

Егер сіздің атыңызға хаттама толтырылған болса, келесі қадамдарды жасағаныңыз жөн.

Хаттама бұл құқық бұзушылықты тіркейтін құжат. Ал айыппұл хаттама жазылған соң, қаулы шығарылғаннан кейін салынады. Хаттамада «Түсініктеме» деген қатарға міндетті түрде келіспейтініңізді және не үшін келіспейтініңізді жазыңыз. Егер хаттамада түсініктеменің орны аз болса — негізінде 3 қатар беріледі — онда түсініктемені бөлек қағазға толтырып, хаттамада түсініктемені бөлек ұсынатыныңызды жазып қойыңыз.

Ары қарай хаттамада сізге қай тіл ыңғайлы екенін көрсетіңіз. Егер қазақ немесе орыс тілдерін жетік білмесеңіз аудармашыны талап етіңіз. Хаттамада «Қорғаушы қажет пе?» деген тұсы бар, онда еш тайсалмастан «Иә» деп жазыңыз, сонда сізге полиция тегін қорғаушы беруге міндетті болады.

Хаттама толтырылғаннан кейін полиция қызметкеріне бірден мынадай өтініш жаза аласыз.

Мынадай ауданның
Мынадай қаланың
Ішкі Істер Бөлімі бастығына **** 

ӨТІНІШ

Маған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы __________ жылы  №___________ хаттама толтырылды. 

Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 4 бөлім 683 бабына сәйкес хаттама толтырылғаннан кейін оны сотқа тапсыруыңызды сұраймын.

АЖӘ___________күні***

Мұндай жағдайда заң бойынша хаттама сотқа өткізіліп, сот арқылы қаралуы қажет. Егер мұндай өтініш бермесеңіз, онда істі полиция қарайтын болады. Сот пен полицияның айырмасы сонда, сотта өз пікіріңізді ашық айта аласыз.

Егер, берген өтінішіңізге қарамай, оны полиция тексеріп, сізге айыппұл салатын болса, онда айыппұл өзінің заңды күшін жояды.

Сонымен қатар, тағы бір арыз жазуыңызды сұраймын.

Мынадай ауданның
Мынадай қаланың
Ішкі Істер Бөлімі бастығына **** 
АЖӘ-ден
телефон нөмірі

ӨТІНІШ

Маған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы __________ жылы  №___________ хаттама толтырылды. 

Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 2 бөлім 750 бабына сәйкес қорғаушымен қамтамасыз етуіңізді сұраймын.

АЖӘ___________күні***

Бұл хаттамадағы өтінішіңізді қайталаған болуы мүмкін. Бірақ бұл сіздің құқығыңызға салмақ қоспаса, зиянын келтіре қоймас. Егер сізге қорғаушы бермей, оның үстіне, айыппұл салатын болса, шығарылған қаулы өз күшін жояды.

Ал сотта сіз өзіңіздің тіркеу туралы заңды бұзбағаныңызды дәлелдеуіңіз қажет. Ол үшін сіз қажет деп тапқан нәрсенің барлығы да куәлік ете алады.

Олай болмаған жағдайда, яғни, сіз кінәлі болсаңыз және оны өз еркіңізбен мойындасаңыз, онда сот айыппұлды 30 пайызға дейін қысқартуы мүмкін. Демек, сіз 15 883 теңге емес, 11 118 теңге төлейсіз.

Бұл тәсілді кез келген әкімшілік құқық бұзушылыққа қарсы қорғаныста қолдануға болады.

Азаматтарды тіркеу туралы жаңа заң кімге керек?

Тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеу туралы жаңа талаптардың антитеррористік шараларға еш қатысы жоқ. Көпшілігі осындай пікірде. Жаңа өзгерістерге қатысты негатив пікірлердің көбейіп жатқаны да рас. Осыған дейінгі жағдайлар тәрізді бұл жолы да негізгі талқылау алаңы Facebook болды.  

Әлеуметтік желіге ыза мен күйінішке толы жазба қалдырғандың бірі экономист Ғалым Құсайынов болды.

«Бірінші мысықтарға тәжірибе жасап көру керек»

 «Мен Еуропаға келгенде төлқұжатымды номердегі сейфке тығып, «такс фри» рәсімдеп, сауда жасауға барғанда ғана аламын, — деп жазады ол. — ЕО елдері арасында саяхаттаймын және ешқандай жерде ешкім менен тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркелуге міндеттеген емес. Шекараны кесіп өткенде құжаттарымды ақтарып, ешқандай бланкі толтырған емеспін. АҚШ-қа, Тайландқа, БАӘ-ге қандай жерге бармасам да менен тіркеу орнына баруға сұраған емес. Ал есесіне бізге келген шетелдікті тіркеуді бір күнге ғана кешіктіргені үшін шекарада рейстен түсіріп, 3 тәулікке қамауға алды. ЕО-дан келген тағы бір танысымды араға адвокаттарды салып қана, босатып алу мүмкін болды. 

Ал енді, қарапайым студенттің өзі қалада табыс тауып немесе емделіп жүрсе, тіркеуге тұруы керек. Тура темір тордан шыққан адам тәріздісің. 

Мен шетелдік азамат болып, Қазақстанда ресейлік құжатпен жұмыс істегенде миграциялық қызметке баруға тура келетін жағдайлар болды. Бірақ сіздерге бір құпия айтайын, мен ол жерге мүлде барған емеспін. Бар болғаны 5 мың теңгеге туристік фирмалар сені қаладағы кез-келген мекен-жайға жазып қояды.

Ал  белгілі бір аумақта тұрақты тұруға мүмкіндік беретін құжатты қалай алуға болатыны туралы айтпай-ақ қояйын, онсыз да түсінікті.

Президент ішкі миграцияны дамытып, адамдардың Солтүстікке қарай көшуіне мүмкіндік беріңдер деген еді. Ал полиция оның тапсырмасын орындау үшін уақытша тұратындарды тіркеу деген талап енгізеді.

Президент туризмді дамытыңдар дейді, ал миграция сотпен бірге шетелдіктерді түрмеге жабады.

Құрметті полицейлер, депутат және осы заңға жауапты тағы басқалары! Сіздер алдымен өздеріңіздегі коррупцияны жойыңыздар, содан кейін ғана осындай заң қабылдауға болады. Басқа жағдайда терроризммен күрестің нәтижесі де нөл болады, ал бізде:

  • миграциялық қызметтегі жемқорлық көбейеді
  • миграциялық қызметтегі жұмыс көбейеді
  • миграциялық қызметке кететін шығын көбейеді
  • қалаға оқуға, емделуге немесе жұмыс істеуге келген, бірақ құжатпен басы қататын ызалы адамдар көбейеді.

Маған бір нәрсе қызық. Біздегі депутаттар полицейлердің мүддесін қорғай ма әлде Қазақстан азаматтарының ба? Егер сіздер шын мәнінде дұрыс жұмыс істейтін нормативті-құқықтық акт қаласаңыздар, мүмкін алдымен қаладағы мысықтарға тәжірибе жасап көрерсіздер?».

«Бізде онсыз да проблема көп…»

Осындай күйінішке толы тағы бір жазбаны ұсынамыз.

«Егер тіркеу террористер мен қылмыскерлерді аңду үшін енгізілсе, бұл — барып тұрған ақымақтық, — деп жазады Равиль Д. есімді қолданушы. — Ол санаттағы экстремист адамдар ешқашан ешжерде тіркелмейді, жалдамалы пәтерде бір аптадан 3 аптаға дейін ғана өмір сүреді. Айыппұл салатын адамдарды іздегенше, біз төлеген салықтан жалақы алатындар жақсы жұмыс істеу керек.

Зейнетке шыққанға дейін әрбір Қазақстан азаматы айыппұл төлеуге міндетті сияқты. Сондай қоғамда өмір сүріп жатқандай сезінемін. Бізде онсыз да проблемалар көп. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды, ал үйді әлі кеңес заманындағы пешпен жылытамыз. Жолдарға да талай жөндеу қажет. Бір жылдан кейін қирап қалатын үй тұрғызамыз. Мұндай проблемалар өте көп. Дөрекі жазғаныма кешіріңіздер, жүректен шыққаны осы болды». 

Францияда тұрғын үй және азаматтарды тіркеу мәселесі қалай шешілген?

Тұрғын үй мәселесі және 20 жылға 1.1% кредит беру  туралы. Энгельстің 150 жыл бұрын жарық көрген іргелі еңбегі осылай аталған. Біраз уақыт өтсе де мәселе маңызын жоғалтқан жоқ.

Франциялықтардың шамамен 60%-ның ғана жеке пәтері бар. Жекеменшікке деген сұраныстың мұнша төмендігі мынандай себептерге байланысты дейді:

  • Ірі трансұлттық компаниялардың көпшілігі қызметкерлеріне пәтерді жалға алу құнын төлеп береді. Егер жеке пәтеріңіз болса, төлем жасалмайды.
  • Шенеуніктер мемлекеттік қордағы пәтерлермен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қызметтен кеткен соң қалдық бағасына сатып алуына болады. Бұл жемқорлыққа жол бермеуге кәдімгідей мүмкіндік береді. Шенеуніктер  жеңілдігі мол қызметінен айырылғысы келмейді.
  • Франциялықтардың көпшілігі жұмысқа байлаулы, сондықтан тұрғылықты жерін жиі ауыстырады. Пәтерді жиі сатып алу, сату да тиімсіз. Өйткені салық төлеуі керек.

Жеке пәтер сатып алу қиын ба?

20 жылға 1,1 %-бен 215 мың еуро көлемінде кредит алуға болады. Комиссиясыз, қосымша ақысыз.

Кредит шарты: айлық төлем көлемі 1 мың еуро көлемінде. Франциядағы тұрғын үй кредитінің шарты осындай.

Кредит алуға шамасы жетпейтіндерге HLM желісі бар. Бұл айлық төлемі аз мемлекеттік әлеуметтік тұрғын үй қоры. Айлық төлем пәтер құнына байланысты.

Тұрғындардың белгілі бір мекен-жайға тіркелуі міндетті емес. Кейде кейбір төлем немесе кейбір мәселелер үшін сұрақ-жауап жіберуге пошталық мекен-жай сұрауы мүмкін. Уақытша тіркеу үшін елдің кез-келген азаматының электрэнергиясы үшін есеп-шотын көрсету және шотты көрсеткен адамның үйінде тіркелгені туралы қысқаша хатын көрсету жеткілікті. Мұның барлығы тегін және ешқандай тексеру қарастырылмаған.

0 пікір
Мұрағат