Тез пісетін кеспенің бір түрі Қазақстанда шыға бастады (фото)
Тез пісетін кеспенің бір түрі Қазақстанда шыға бастады (фото)
6 жыл бұрын 4377 bag.kz Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА

Астанада жедел тамақтандыру өнімдерінің жаңа комбинаты тұрғындарға жаңа өнім ұсынды. Бүгін «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» ұйымдастырған баспасөз турында астаналық БАҚ өкілдері кеспенің санаулы минутта қалай дайындалатынын көріп қайтты. 

Астанада жедел тамақтандыру өнімдерінің жаңа комбинаты ашылды. «KazBrand» кәсіпорны жедел дайындалатын «Кеспебай» кеспелерін шығаруды бастады. Бір қаптамадағы кеспенің бөлшек саудадағы бағасы 130 теңге шамасында болады.

КПК «KazBrand» ЖШС Бас директоры Алмаз Зариповтың айтуынша, комбинат алдымен кеспе шығаруды бастады, енді алдағы уақытта осы өнім түрінің ассортиментін кеңейтіп, түрлі тұздықтар мен дәмдеуіштер өндіруді жоспарлап отыр.

«Біздің кәсіпорында кеспенің екі бренді бар: «Кеспебай» және «Bastoo». «Кеспебай» - отандық бағытқа арналған, бағасы шетелдік өнімдерге қарағанда арзанырақ. «Bastoo» - экспортқа шығаруға арналған өнім. Енді осы тауарларымызбен Қазақстан рыногын жаулауға әзірміз. Қалай жаулаймыз? Біріншіден біз бірегей рецепт әзірледік. Екіншіден, өнімнің бағасы бәсекеге қабілетті болады. Кеспе кәсіпорыннан 97 теңгеге шығады. Ал сауда орындарындағы бағасы шамамен 130-135 теңгенің көлемінде болады. Таза салмағы 90 гр, қоспаларымен 100 гр болады. Кәсіпорында кеспенің дайын болу процесі жалпы 15 минутқа созылады. Алдағы уақытта тек кеспе шығарып қана қоймай, түрлі тұздықтар мен дәмдеуіштер, кондитерлік өнімдер де (автор – печеньелер) өндіруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, кондитерлік өнімдер түрін кеңейтеміз. Себебі, қазір бізде Еуропада шығатын үлкен кондитерлік өндірушімен келісім бар. Олар технологияларымен бөлісіп, біздің құрылғылармен қамтамасыз етілуімізге мүмкіндік жасайды», - дейді Алмаз Зарипов.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, өнімнің құрамында ешқандай химиялық, зиянды қоспа жоқ, 100% табиғи өнім.

«Біздің елімізде бұған дейін отандық тез дайындалатын кеспелер шығарылмаған. Базарға барсаңыз, тек шетелдік өнімдер толып тұр. Елімізде өнімді дайындауға қажетті ұн да, тұз да, тағы басқа да қоспалар жеткілікті. Сондықтан, неге өзіміздің отандық өнімді шығармасқа деген ой келді?! Осы жылы 5 айдың ішінде мамандарды жинап, оқыттық. Сөйтіп, тамыз айынан бастап жұмысқа кірістік. Кеспенің айына 3-6 млн-ға дейін данасы шығарылса, жылына 30-60 млн дейін өндіру көзделіп отыр. Кеспенің сапасы таза, денсаулыққа зияны жоқ, 100% табиғи өнім. Жақында өнім Қазақстанның барлық сауда дүңгіршектеріне шығарылады. Осы айдың соңында алғашқы 3 млн дана кеспе сауда айналымына бағытталатын болады», - дейді кәсіпорын директоры.

«KazBrand» кәсіпорны «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша 900 млн теңгеден астам сомаға қаржыландырылды.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ кредиттеу және лизинг басқармасының директоры Бауыржан Сәбитовтың айтуынша, бұл жоба 2014 жылдан бері қаржыландырылып келеді. 2017 жылы наурызда пайдаланылуға енгізілді. Сондай-ақ, жұмсалған қаржының жалпы көлемі 1 млрд 233 млн теңге болса, соның 981 млн теңгесін «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландырған.

Алмас Заировтың сөзіне қарағанда, кәсіпорын алдағы уақытта 24 сағат бойы жұмыс істеуді көздеп отыр. Дегенмен, қазір білікті мамандар тапшылығынан жұмыс тек бір ауысымда ғана атқарылуда.

«Бізге жұмысқа орналасқысы келгендердің барлығын қабылдаймыз. Орташа жалақы 120-180 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда 27 орын бар», - дейді ол.

Айта кетейік, кәсіпорында инженерлер, технологтар, операторлар, қаптағышпен айналысатын қызметкерлерге орын бар. Сондай-ақ, кәсіпорын жұмысқа тәжірибесі жоқ қызметкерлерді де оқытып, тәжірибеден өткізуге дайын.

 

0 пікір
Мұрағат