Тәуелсіздік жылдары мақтаның 13 жеке сұрпы шығарылды
Тәуелсіздік жылдары мақтаның 13 жеке сұрпы шығарылды
4 жыл бұрын 2321

1991 жылы Қазақстанда мақтаның өз сұрыптары жоқ еді, ал қазіргі уақытта "Мақтаарал" сериялы мақта талшығының сапалы, отандық, бәсекеге қабілетті, тез пісетін, құрғақшылыққа төзімді, жоғары өнімді 13 сұрыптары құрылды. 

Сондай-ақ, барлық сұрыптар патенттер мен авторлық куәліктерге ие және өндіріске жылдам қарқынмен енгізіле бастады.

Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 110 мың гектар егістіктің 85%-дан астамы немесе 94 мың гектары мақтаның отандық сұрыптарымен қамтылған. Сұрыптар тез жетіліп, 115-117 күн ішінде піседі. 

Орташа өнімділік 45-50 ц/га құрайды, әлеуетті мүмкіндік 58-60 ц/га жетеді, деп хабарлады Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Өнімділік бойынша ресми емес әлемдік рейтингте біздің мемлекет 1998 жылы әлемнің 95 мақта өсіретін елдерінің арасында 26 орынды, 2007-2010 жылдары - 21-23 орынды, 2012-2014 жылдары - 10-11 орынды иеленген. Бүгінде біздің еліміздің мақта шаруашылығы тұрақты дамып келе жатқан сала болып табылады, ол сұрыптары, тұқымдары мен технологиялары бойынша көршілес елдерге тәуелсіз.

Біздің отандық мақта сұрыптарымыз шет елдердің үлкен қызығушылығын туғызды. АҚШ-тың Монтана, Арканзас штаттарынан (2003 ж.), ҚХР-дан (2005-2017 ж. ж.), Бразилиядан (2008 ж.), Тәжікстаннан (2008 ж.) және Аргентинадан (2011 ж.) генофондты алуға рұқсат сұраулар болды. 2018 жылдан бастап "Мақтаарал-4011" мақта сұрпы Ресей Федерациясы Волгоград облысының "Райгород" корпорациясына (Волгоград қаласынан 50 шақырым жерде) 4 мың гектар алқапта Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірге өндіріске енгізілді, - дейді әкімдіктегілер.

Айта кетейік, отандық сұрыптардың қазақстандық мақта талшығы әлемнің 10-нан астам еліне экспортталады. Атап айтқанда, Ресей, Белоруссия, Германия, Латвия, Молдова, ҚХР, Бельгия, Иран, Украина, Италия және Кореядан қазақстандық мақтаны кезіктіруге болады.

0 пікір
Мұрағат