Шаруа қожалықтары қой жүнін тонналап өртеуге мәжбүр болып отыр
Шаруа қожалықтары қой жүнін тонналап өртеуге мәжбүр болып отыр
8 жыл бұрын 4159 31.kz

Оңтүстік Қазақстан облысының мал шаруашылығындағы шаруа қожалықтары қой жүніне сұраныс болмағандықтан, оны тонналап өртеуге мәжбүрміз деп отыр. Тіпті, бір кездері алтынға бағаланған қаракөл елтірісіне де сұраныс жоғалғанын айтады. 

Мал шаруашылығындағы Атығай Бекқұлов қойларын жылына екі рет қырқатынын айтады. Сөзінше, тазалық малдың өсуіне дұрыс. Алайда, оның екінші қиындық тудыратын жағы бар көрінеді. Тау болып үйілген қой жүнін өртеуден басқа амал жоқ деп отыр. Сұраныстың азаюынан жекелеген шопандар шығыннан қашып, қойды қырқуды да азайтқан. Ал бұл жағдай малдың түрлі ауруға шалдығуына әкеледі дейді шаруа.

«Қойдың жүнін қырқамыз. Қырқамыз да, оны үйіліп тұрған жерінен тамақ істегенде отынмен арасына қосып жағып жіберемін. Еш жерде бұл жүнді қабылдап жатқан адамды көрмедім», - дейді шаруа қожалығының мүшесі Атығай Бекқұлов.

«Басшылардан сұрайтынымыз мына сойылған тері, одан кейін қырқылған жүн жерде қалып жатыр. Соны алатын, өткізетін жер болса», - дейді шаруа қожалығының төрайымы Зылиха Оспанова.

Сұраныстың жоқтығынан шаруалар оны өртеуге мәжбүр екендігін ауыл шаруашылығындағылар да білетін болып шықты. Облыстағы 3 миллион 895 мың қойдың 30 мыңы ғана биязы жүнді қой. Сұраныс осыған ғана бар. Ал өндірілген 7 361,8 тонна жүн далаға тасталады екен.

«Тек қана биязы жүнді қойларға ғана үкімет тарапынан субсидия төленеді. 95 тонна жүн алынып, 130 теңгеден 12 млн 350 мың теңге шаруаларға төленген болатын», - дейді ОҚО Ауылшаруашылық басқармасы мал тұқымын асылдандыру бөлімінің бас маманы Оразтай Үсіпбаев.

Терісіне келер болсақ қой жүнінің сапасына қарай елтірілік, тондық және былғарылық түрлері өндірілгені белгілі. Тонды айтпағанның өзінде биязы жүнді теріден елтірі шапан, бас киім, жаға тігілген. Оларды тіпті аң терілеріне сәйкестендіріп бояп, ішік тағы басқа бағалы елтірі бұйымдар жасаған.

Қазіргі базар сөрелерінде биязы жүнді қойдан тігілген киімдер бар, бірақ тек Қытайда шығарылғанын ғана кезіктіресіз.

Тонның бағасы 165 мың теңгеге дейін жетеді. Төмендей беруге де болады. Қытайда шығарылған. Ресейдің өнімдері қазір жоқ. Қазақстанда шығарылғаны тіпті кездеспейді.

Өңірде биязы жүнді екі-ақ зауыт қабылдайды. Оның өзін де қажеттілікке қарай алады екен. Бұрындары келісі үш жүз теңгеге де жетпеген жүн бағасы биыл ғана алты жүзге әзер көтеріліпті. Өңірде өте көп саналатын қойдың қазақы түріне деген сұраныс әзірге болмай тұр.

0 пікір
Мұрағат