САЛАФИЗМНІҢ ЖЕЛІ СОЛТҮСТІКТЕН СОҒЫП ТҰР
САЛАФИЗМНІҢ ЖЕЛІ СОЛТҮСТІКТЕН СОҒЫП ТҰР
8 жыл бұрын 3009 qamshy.kz Жомарт Абдоллаұлы

Биыл Ақтөбе мен Алматыда болған екі теракті мен Алматы, Қарағанды облыстарында лаңкестік әрекеттер жоспарлап қолға түскен бірнеше радикал туралы ақпараттардан хабардар емес қазақ жоқ шығар. Ресми билік органдары ол терактілерді салафизм ағымының өкілдері жоспарлап, ұйымдастырған деген мәлімдеме де жасады. Алайда, Қазақстан қоғамы салафизм тақырыбында ашық түрде болмаса да екіге жарылып отыр. Ақпараттық кеңістікте басымдыққа ие бір топ, ішінде танымал дінтанушылар мен мүфтият өкілдері бар, бұл ағымды қатаң айыптап, салафиттік әдебиет пен идеологтардың еңбектеріне заңмен тыйым салу керек деп санайды. Енді бір топ, жекелеген дінтанушылар мен сарапшылардың аузымен «салафизмнің барлық тармақтары теріс емес, кей бұзақылар үшін тұтастай бір ағымға тыйым салу діни жағдайды күрделендіріп жібереді» дегенді ауық-ауық ақпарат кеңістігіне тастап қояды. Жақында ресейлік «Ақпараттық талдау ораталығы» (ИА-центр) деген сайтта қазақстандық дінтанушы Асылбек Ізбайыровтың сұхбаты жарияланып, онда дінтанушы «Қазақстанда салафизмге тыйым салу тұтастай ислам дініне шектеу қою деп саналады» деген тұжырым айтқан. Қазақстандағы терроризммен күреске бағытталған мемлекеттік шараларға қатысты пікір білдірген А. Ізбайыров салафизммен күресті отпен ойнау деп бағалаған. А. Ізбайыровтың осы сұхбаты жариялана сала ақпарат кеңістігінде бірқатар азаматтар дінтанушыны ресейлік идеологтардың ықпалында болуы мүмкін деген күдіктерін айтып, оның сұхбаты жарияланған сайттың Кремльдің ішкі саясат бөлімінің қызметкері Алексей Власовқа тиесілі екенін де жайып салды. Қазақстандағы танымал дінтанушылардың бірі саналатын А. Ізбайыров шынымен де ресейшіл көзқарастағы адам ба немесе ондағы жекелеген топтар мен мемлекеттік органдарға белгілі бір деңгейде тәуелді сарапшы ма, ол жағын кесіп айтудан аулақпыз. Алайда, ресейлік ақпарат құралдары мен сарапшылар қауымдастығы (олардың да Кремльге тәуелсіз екеніне кепілдік жоқ) Қазақстандағы терактілерге, жалпы қоғамдық-саяси, діни ахуалға ерекше назар аударатынын ескертуге тиіспіз. Мәселен, осы жылдың мамыр айында Сауд Арабиясының басшылығына Қазақстанның арнайы органдары іздеу жариялаған, қазір Саудияда жасырынып жүріп, сол елдің полициясы қамауға алған салафилердің көсемі Шейх Абдулхалил Абдужаппаровты Қазақстанға экстрадициялауға қарсы «Ресей мұсылмандарының» атынан хат жазылған. Онда Абдужаппаровқа Қазақстанда тағылған айыптардың ойдан шығарылғаны, оның қасақана қудалауға ұшырағаны айтылады. «Фергана» сайтында жарияланған мақалада «Халил шейхтың» басынан кешкендері мен оның Қазақстандағы лауазымды жақтастары туралы да біраз ақпарат келтірілген. Осы жерде ресми тұрғыда тек экономикалық әріптестік пен достық қарым-қатынас орнатқан Ресейдің, ондағы ақпараттық ресурстарға ие саяси топтардың Қазақстанның ішкі жағдайында не шатағы бар деген сауал еріксіз туады. Ақтөбе қаласында маусым айының басында болған теракті де ресейлік сарапшылар арасында қызу талқыланды. Жай талқыланып қана қоймай, ол оқиғаға түрліше баға беріп, осы мәселедегі Қазақстан билігінің ресми ұстанымдарын теріске шығару әрекеттері де байқалды. Атап айтқанда, ресейлік сарапшылар Ақтөбедегі терактіде содырлардың қолданған әдістері радикалдардың, оның ішінде салафизм идеологиясын ұстанатын содырлардың тактикасына ұқсамайтынын алға тартты. Сондай-ақ, теракт кезінде шабуылдаушы содырлар тарапынан адам шығынының көп болуы да жиһадшыларға «жат» қылық екен. Дейтұрғанмен Ақтөбедегі лаңкестік әрекеттен ресейлік содырлардың «қолтаңбасын» іздегендер де болды. Ресей ұлттық стратегиялар және халықаралық бағдарламалар институтының директоры Юрий Солозобов «Бұл Қазақстанның жаңа тарихындағы ең қанды лаңкестік әрекет болды. Бірақ, күштік құрылымдардың үйлескен жұмысы арқасында қаланы басып алу әрекеті тойтарылды. Соңғы уақытта радикалдық ислам Қазақстанның тек оңтүстігінде ғана емес, батысында да тарай бастады. Мұнда әлеуметтік-экономикалық алшақтық ұлғайып барады. Тұрғындардың бір бөлігі мұнайдың арқасында мол кіріске ие болса, екінші бөлігі қиын жағдайда өмір сүруде. Осы айырмашылықты дағыстандық уаххабиттер пайдаланып кетеді. Нақты айтқанда, Ақтөбе қаласын басып алу әрекеті классикалық солтүстіккавказдық сценарий бойынша өтті. Мұндай әрекеттер алдағы уақытта да қайталануы мүмкін», - дейді. Қазақстандағы террористік актілерді Ресеймен байланыстыруға себеп аз емес. Қашан да өз ықпалында ұстағысы келетін Қазақстанның Қытаймен жақындасуы, мұнай, газ, сауда-саттық, машина жасау, тасымал саласында бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыра бастауының өзі Ресей үшін "сатқындық" саналуы мүмкін. Одан бөлек, Ресейдің біраз жылғы бас ауруына айналған Кавказдағы содырларды сырт елдерге орайын тауып "экспорттап" жіберуге де кетәрі еместігі рас.  Дағыстандық үгітшілердің Қазақстанда қызу жұмыс жасағанын Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин де атап өткен болатын. Осы ретте 2004-2006 жылдары ресейлік радикалдардың идеологы Саид Буряцкий Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент қалаларында болып, үгіт жүргізгенін, соның салдарынан 2008 жылдары батыс өңірлерден бірнеше адамның Солтүстік Кавказға «жиһадқа» аттанғанын ескерген жөн. Айтса да, Сирия мен Иракта ойына келгенін істеп жатқан ДАИШ (Қазақстан аумағында қызметіне заңмен тыйым салынған ұйым – ред.) ұйымына да ресейлік арнайы органдардың астыртын қолдау көрсетілетіні ашық айтылып жүр... 

0 пікір
Мұрағат