Қазақстанның шығысы мен батысындағы ауызашар мен қайырымдылық шаралары (фото+видео)
Қазақстанның шығысы мен батысындағы ауызашар мен қайырымдылық шаралары (фото+видео)
4 жыл бұрын 2761 muftyat.kz amin.kz

ҚМДБ-ның Семей өңірі бойынша өкілдігінің бастамасы, «Зекет» қорының және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен күн сайын 300 адамға арналған ауызашар таратылуда.

Карантин жағдайына байланысты көпшілік жиналатын шаралар уақытша тоқтатылғаны белгілі. Соған байланысты Қос мұнаралы орталық мешіті ауызашар ретінде ыстық тамақ, салат, сусындар, жеміс пен тәттілер таратып келеді.

Мешіт имамдары мен еріктілер тобы Рамазан айының құрметіне соғыс және еңбек ардагерлеріне мейраммен құттықтап, көмек көрсетті. Семей қаласы бойынша 200 отбасының үйіне ауызашарға арналған тамақты тегін жеткізіп, қала, аудан тұрғындарын қуантты.

Ал Аягөз аудандық мешітінің бас имамы Думан Нәдірұлы бастамасы және жамағаттың қолдауымен 100 адамға арналған ауызашар дастарқанын жеткізу жалғасын табуда.

Семей: Күн сайын 300 адамға ауызашар беріледі (видео)

Рамазан: “Ықыласты бауырлар” 500-ден астам отбасыға азық-түлік таратуда (+ ВИДЕО)

Атырау орталық “Иманғали” мешіті жанынан құрылған “Ықыласты бауырлар” қайырымдылық орталығы қасиетті Рамазан айында ізгі істер легін жалғастыруда.

“Мың айдан да қайырлы Рамазан айында біз әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қамтып отырмыз. Алла Тағала еселеп сауап жазатын қасиетті айда жақсылық жасауда жарысайық” дейді “Ықыласты бауырлар” орталығының еріктілері.

Еске сала кетелік, аталмыш орталық әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, жалғыз басты, жетім, мүмкіндігі шектеулі азаматтар категориясы бойынша азық – түліктей және киім-кешекпен көмек көрсетеді.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен төтенше жағдай режимі жарияланғалы бері еліміздің түкпір-түкпірінде “Қайырымдылық керуені” аясында мұқтаж отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп жатқанын атап өткеніміз жөн.

Қызылқоға ауданында “Жұмадан жұмаға дейін” жобасы аясында мұқтаждарға көмек көрсетілуде (+ ВИДЕО)

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданының орталық мешіті “Жұмадан жұмаға дейін” ізгілік жобасын жалғастырып жатыр.

Аталмыш жоба аясында жастар бірлесіп, ауданға қарасты ауылдарды аралап, мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратуда.

“Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басымдылық беріп отырған бағытының бірі – қайырымдылық шаралары. Осы ретте мешітіміз “Қызылқоға құтты мекенім”, “Иман жастары” еріктілері және ауыл жастарының атсалысуымен мұқтаж отбасыларға көмек беру жобасын жалғастырудамыз.

Рамазан мың айдан да қайырылы, сауапқа толы ай. Алла Тағала құлшылығымызды қабыл еткей” дейді Қызылқоға ауданының бас имамы  Мұрат Сұлтанов.

 

0 пікір
Мұрағат