І Республикалық имамдар форумы өтті (ФОТО)
І Республикалық имамдар форумы өтті (ФОТО)
9 жыл бұрын 6425

2015 жылғы 19-ақпанда Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» тақырыбымен І Республикалық имамдар форумы өтті.

Форумға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының еліміздің түпкір-түпкірінен келген 500-ге жуық имамдары, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, елімізге танымал дін ғалымдары жиналды. Сонымен қатар форумның қонағы ретінде ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, бірнеше шет мемлекеттердің исламдық діни ұйымдарының басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Православ шіркеуі, Рим-Католиктік шіркеуі өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың имамдар форумына қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев жеткізді.

Елбасы өзінің жолдаған құттықтау хатында «форум отандық мүфтият қызметіне тың серпіліс беріп, дін саласындағы түйткілді мәселелерді шешудегі имамдардың рөлін арттыруға себін тигізеді деген сенімін» білдірген.

Ел Президенті сондай-ақ имамдарды діни тұрақтылықты нығайту, өскелең ұрпақты дін атын жамылған теріс ағымдар ықпалынан сақтау жолында табанды жұмыс жүргізуге шақырды. 

Бас мүфти Ержан Малғажыұлы өз баяндамасында Діни басқарманың осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстары мен игі бастамаларын атап өтіп, ислам бейбітшілік пен татулықтың діні екенін, халқымыздың рухани өнегелік құндылықтарын бекемдей түсетінін форумға қатысушылардың назарына салды.

Форум қорытындысы бойынша «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «ҚМДБ қызметкерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты құжаттар бірауыздан қабылданды.

Осы құжаттардың басты мақсаты ел мұсылмандарын қазіргі заман талабына сәйкес жан-жақты білімді болуға, ізгілікке, зайырлы мемлекет құрылымына құрметпен қарауға шақыру, түрлі ағымдарға бөлінуіне жол бермеу, өзге діндер өкілдерімен бейбіт, ынтымақта тіршілік етіп, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтаудағы отандық тәжірибені одан әрі нығайтуға үлес қосу болып табылады.

0 пікір
Мұрағат