Елімізде өз шығынын жабатын 500 мешіт бар
Елімізде өз шығынын жабатын 500 мешіт бар
8 жыл бұрын 2837 inform.kz Кенжекей Тоқтамұратқызы

Қазақстан Республикасындағы мешіттердің бес жүзі ақша түсетін, яғни, өз шығынын өзі жабатын мешіт болып саналады. Бүгін «Эксперт» клубының отырысына қатысқан ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз «мешіттерде құран оқығанда, халық тастайтын ақша қайда кетіп жатыр?» деген сұраққа жауап берді.

«Өте орынды сұрақ. Бұл еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды сұрақ. Біздің елімізде 2500 мешіт бар. Соның ішінде, біздің есебіміздегі 500 мешіт ақша түсетін мешіттер болып саналады. Қалған мешіттерді, мысалы, ауылдағы мешіттерді алып қарасақ, жылда Оразаның алдында бір рет молда арқылы жинап беретін бір ғана пітір садақасы болады. Ол келесі жылға дейін молданың, азаншының жалақысын төлеуге, мешіттің коммуналдық шығындарын төлейтін ақша ретінде есептеледі»,-деп хабарлады имам.

Ал, жоғарыда айтқан қаржы үнемі түсіп отыратын 500 мешіттің есеп-қисабы Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының қоғамдық кеңесінің назарында екен.

«Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының 21 сайты бар, сол сайттарда атқарып жатқан жұмыстарды, қаржы-шаруашылық бағытындағы жұмыстарымызды жарялап отырамыз. Бірақ, ең бастысы, мұнда бір мынандай ереже бар: біздің күнделікті келіп отырған жамағатымыздың ішінде 11 адамнан құралған ревизиялық комиссияның мүшелері бар. Қаржы жағдайымыз ашық болу үшін былтырдан бастап электронды треминалдар енгіздік. Астана мешіттерінде терминалдар орнаттық, бірте-бірте жетілдіріп жатырмыз. Яғни, халықтың санасында ешқандай күмәнді нәрсе болмау керек. Егер нақты есеп керек болса, біз оны назарларыңызға ұсына аламыз. «Мешітке миллиардтаған ақша түседі» деген ойдан арылу керек. Қазір бізде 3600 маман бар болса, соларың 2000-ға тартасына Қазақстанның орта деңгейдегі көрсеткішіне сай, айлық бере алмай отырмыз. Қазірде «Нұр Мүбарак» университетін бітірген алты жүзден астам дін маманының көбі басқа салада жұмыс істеп жүр»,-деді С.Ораз.

0 пікір
Мұрағат