Ауызбіршілігі мол мешіт жамағаты ауылға жол салып берді (фото)
Ауызбіршілігі мол мешіт жамағаты ауылға жол салып берді (фото)
7 жыл бұрын 3933 muftyat.kz «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіті

Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Әлия ауылындағы «Рахман» мешітінің жамағаты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікпен үлкен істер атқаруда.

Өткен жылы ғана ауыл көшелеріне жаңадан асфальт төселіп, көлік қатынасы біраз жеңілдеген болатын. Соның ішінде, «Рахман» мешітіне баратын жол да жаңарды. Бұдан бөлек, мешіт жанашыры Абухаиров Мұхтар бауырымыздың демеушілігінің арқасында мешіттің алдына автотұрақ жасалып, қазір жамағаттың игілігіне пайдаланылуда.

Көшелердегі аталмыш құрылыс жұмыстарынан қалған ескі асфальттың үйінділерін ауыл әкімдігінің рұқсатымен кәдеге жаратқан жамағат оны ауылдың асфальты жоқ өзге көшелеріне төсеп, қайырымды іс жасады. Жұмысқа қажетті барлық техникалар мен көліктерді өз қаражаттарына жалдап, шамамен 2-3 шақырым жолға тас төселді. Мешіт жамағатының мұсылманға тән ұйымшылдығын танытқан ізгі іске ауылдағы бірқатар шаруақожалық иелері де қатысып, жәрдемдерін тигізді.

Сауабы сарқылмайтын істердің басы-қасында жүретін ауыл жамағатының және бір жақсылығы – ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтып, бұлақтың көзін ашып бергендігі. Бұдан өзге, істерде де үнемі жанашырлығымен көрініп жүретін жамағатымызда бастамашыл да бауырмал, жомарт жандар өте көп. Олардың көмегімен ортақ қамбаға 1 200 000 теңге көлемінде қаражат жиналып, аталған қаражатқа ауыл мектептеріне дәретхана салынып берілді.

Жамағатымыздың жақсы амалдарымен жария болсын деп емес, өзгелерге де түрткі болсын деген оймен бөліспек болдық. Алла баршамыздың амалдарымызды қабыл етіп, ауызбіршілігі бүтін қауымнан етсін!

0 пікір
Мұрағат