Арынды Ақсуда тағы бір мешіт ашылды (фото)
Арынды Ақсуда тағы бір мешіт ашылды (фото)
7 жыл бұрын 2795 muftyat.kz ҚМДБ Алматы облысы баспасөз қызметі

Алматы облысы Ақсу ауданы Жаңалық ауылында жаңа мешіт бой көтерді.

Ауылдың береке-бірлігінің арқасында мешіттің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Мешітті тұрғызуға ауыл ақсақалдары мұрындық болып, ауыл азаматтарының демеушілігімен, ауызбіршілігімен қолға алынған игілікті іс өз мәресіне жетті. Ауылына қарап азаматын таны демекші ауыл азаматтары алды 1 000 000 теңгеден шығарса, ауыл тұрғындары бір-бір қойдан жинап, Алланың ауылдағы үйінің керегесін көтеруге атсалысты.

Мешіттің ашылу салтанатына Алматы облысы, Талдықорған өңірінің өкіл имамы Серікхан Ахмадиев, аудан басшылары, аудандық орталық мешіттің бас имамы, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы және ауыл тұрғындары түгелдей жиналды.

Ауылдағы мәдениет ошағында үлкен ас беріліп, көпшілік жұма намазына жаңадан ашылған мешітте қайтадан бас қосты.

Жұма намазынан кейін мерекеге сай ұлттық ойындар ойналып, соңы мерекелік концертке ұласты. Қой көтеруден, гір тасын көтеруден және қол күресінен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар қойылды. Сөйтіп ауылдағы жаңа мешіттің ашылуы үлкен мерекеге айналды.

0 пікір
Мұрағат