ҚАЗҰУ ДІНТАНУШЫЛАРЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МИССИОНЕРЛІК МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ
ҚАЗҰУ ДІНТАНУШЫЛАРЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МИССИОНЕРЛІК МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ
7 жыл бұрын 4988

2017 жылы 4 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде басталған IV халықаралық Фараби оқулары аясында осы университеттің Дінтану және мәдениеттану кафедрасы «Заманауи Қазақстандағы жаңа діни құрылымдар мен миссионерлік қызмет» тақырыбында пікірсайыс  алаңын ұйымдастырды. Жиынға Философия ғылымдарының докторы, профессор А.Д. Құрманалиева мен философия ғылымдарының докторы, профессор Н.Ж. Байтенова төрағалық етті. Пікірсайысқа Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы, докторанттар, магистранттар, студенттер қатысты. 

Назар аударып қарайтын болсақ, Қазақстан тәрізді жас мемлекет үшін миссионерлердің қызметін бақылау және оларды қадағалау жұмыстары аса маңызды. Себебі мәселе рухани қауіпсіздікпен тікелей байланысты. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда Қазақстан аумағында 18 конфессияға жататын 3658 діни бірлестік қызмет атқаруда. Елімізде 531 миссионер тіркелген. Сан жағынан  миссионерлердің басым көпшілігі елімізде Католик шіркеуінің өкілдері (257). Православие өкілдері 84 миссионерді құрайды.

ҚазҰУ дінтанушылары ұйымдастырған пікірсайыс алаңында алғашқы болып сөз алған белгілі дінтанушы Қ. Борбасова жаңа діни ағымдардың жұмыс істеу әдістері, қазіргі хал-ахуалы, миссионерлік жұмыстары жөнінде мол ақпарат берді. Көпшілікке танымал ғалым Ш. Рысбекова Орыс православие шіркеуінің бүгінгі келбеті және миссионерлік бағыттағы іс-әрекеттері жөнінде маңызды ақпараттармен бөлісті. Философия ғылымдарының докторы Б. Бейсенов қазіргі таңда Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі діндарлыққа бет бұра бастағанын атап өтті. Дегенмен осы үрдіс сапалық тұрғыдан дұрыс бағытта жүруі керектігін, олай болмаған жағдайда азаматтар қандай да бір теріс пиғылды топтардың соңына түсуі мүмкін екенін жеткізді. Сонымен қатар Б. Бейсенов мемлекет пен дін арақатынасы, діни ағартушылық, азаматтарға діни түсіндіру жұмыстарының қазіргі келбеті жөнінде тұщымды ойларымен бөлісті. 

Пікірсайысқа ұсынылған мәселелерді талқылауға жас ғалымдар да өз үлестерін қосты. Дінтану мамандығының 3 курс докторанты Қ. Туғанбаев постсекулярлы қоғамдағы дін мәселесі жөнінде ақпарат берсе, келесі докторант Д. Утебаева Қазіргі Қазақстандағы миссионерлік қызмет ерекшеліктері бойынша өзі жүргізген сараптау жұмыстарының қорытындысын ұсынды. Ал дінтану мамандығының 2 курс магистранты Е. Әскенұлы Патшалық Ресей кезеңіндегі Қазақстанды шоқындыру саясатының қалай өрбігенін және қандай нәтижелер көрсеткенін баяндады.

Бір айта кетерлігі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтанушылары «Қазақстан Республикасындағы миссионерлік ерекшелігі» атты ғылыми жоба аясында өз зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Жиын соңында модератор Н.Ж. Байтенова жиында талқыланға мәселелерге қорытынды жасап, өзінің пікірлерімен бөлісті. Танымал дінтанушы діни кеңістіктегі мәселелерді ғылыми ортада бірлесе талдаудың және сол арқылы нақтылы ұсыныстар жасаудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар Н. Байтенова IV халықаралық Фараби оқуларына белсене атсалысқаны үшін Қ. Туғанбаевқа, Д. Утебаеваға, Е. Әскенұлына сертификаттар табыстап, ғылым жолындағы қадамдарына табыстар тіледі. 

Құдайберді Бағашар, 
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
Дінтану және мәдениеттану
кафедрасының аға оқытушысы

Әскенұлы Елнұр, 
Дінтану мамандығының 2 курс магистранты

 

0 пікір
Мұрағат