Қазақстандықтар 4 трлн теңгені жария еткен
Қазақстандықтар 4 трлн теңгені жария еткен
7 жыл бұрын 2191 Baq.kz Дәурен ЕРБОЛАТ

Үкімет отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жекешелендіру аясында қандай жұмыстар атқарылғандығын айтты. Қазіргі таңда қазақстардықтар 4 трлн теңгені жария еткен.

«Мүлікті жария ету акциясының аяқталуына бір айға жуық уақыт қалды. Бүгінгі күнге дейін 4 трлн теңге жария етілді, оның 1,1 трлн теңгесі мүлік, 2,9 трлн теңгесі ақша. Бұл ретте жария етілген қаражаттың 14 проценті, яғни 400 млрд теңге шет елдердегі банк шоттарынан түсті», - деді министр.

Сондай-ақ, Б.Сұлтанов мүлікті жария ету науқаны жоспар бойынша жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

«Болжағанымыздай соңғы айларда акцияның қарқын алғаны байқалуда. Мәселен, мүлікке қатысты жария етудің орташа айлық құны осы жылдың 9 айында 45 млрд теңгені құраған болса, қазан айында 56 млрд теңге, ал қараша айында бұл сома 114 млрд теңгеге жетті. Яғни, жыл басынан бері 2,5 есеге өсті. Ал егер 2014-2015 жылдардағы көрсеткіштермен салыстыратын болсақ, 4 еседен асқаны байқалады», - деді ол.

Сонымен қатар, министр әкімдіктер жанындағы комиссиялар арқылы жария етілетін мүлік жөніндегі құжаттарды қабылдау мерзімі биыл 30 қарашада аяқталғандығын айтты.

«Елдегі мүлікті жария ету бойынша көш басындағы өңірлер: Алматы қаласы – 459 млрд теңге, Алматы облысы – 338 млрд теңге және Астана қаласы – 57 млрд теңге. Шетелдегі мүлікке қатысты айтсақ, егер жыл басында жария етілген мүлік құны (38 объект) 1 млрд теңгені құраған болса, бүгінде бұл сома 16,6 млрд теңгеге дейін жетті. Ал объектілердің саны 300-ге жақындады. Яғни, жыл басынан жария етілген объектілердің саны сегіз есеге, құны он алты есеге ұлғайды. Ал мүлік жария етілген шет елдердің саны 9-дан 26-ға дейін өсті», - деді министр.

Айта кетейік, қазақстандықтар Аустрия, Болгария, Ұлыбритания, Венгрия, Виргин аралдары, Германия, Грузия, Испания, Италия, Қытай, Қырғызстан, Латвия, Литва, БАӘ, Ресей, АҚШ, Сингапур, Тайланд, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Чехия, Швейцария, Украина, Франция, Оңтүстік Корея елдеріндегі мүліктерін жария еткен.

0 пікір
Мұрағат