Қазақстандық байлар өзіміздің экономикаға ақша сала бастады
Қазақстандық байлар өзіміздің экономикаға ақша сала бастады
7 жыл бұрын 2823 egemen.kz

2016 жылы қазақстандық инвесторлардың өзге елдерге қаржы жөнелтуі 37%-ға азайды. Оған себеп ел экономикасына деген сенімнің артуы.

Керісінше, шетелден елге кіретін инвестиция көлемі 40% артты.

Қазақстандық инвесторлардың отандық экономикаға деген сенімі артып келеді. 2016 жылы қазақстандықтардың өзге ел экономикасына қаржы салу көрсеткіші 37% азайып, 2,5 млрд долларға қысқарды.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы инфляцияның күшейіп, теңге бағамының әлсіреген кезінде елдің сатып алу қабілеті төмендеп, іскерлік белсенділік құлдыраған еді. Нәтижесінде Қазақстаннан «жаппай капитал көші» басталып, 2014 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 3,4 млрд доллардан 6,9 млрд долларға жеткен болатын.

2016 жылы жағдай қайта түзеле бастады. Бұл кішігірім инвесторлардың жұмысына да әсер етіп, бір кездері елден кеткен капитал енді қайта оралып, бір жылда ел экономикасына салынған инвестиция көлемі 40% ұлғайды.

Қазақстандық инвесторлардың шетел экономикасына қаржы салуы бәсеңдеп, отандық байлар енді ішкі жобаларға қызығушылық таныта бастады.  Өткен жылы Қазақстандағы шетелдік компаниялардағы қазақстандық инвесторлардың қатысуы 36% ұлғайып, 4,1 млрд долларға жетті.

Қазақстандық инвесторлардың Нидерландыдан келетін тікелей инвестицияға қатысуын азайтса, керісінше Ресей мен БАӘ (Біріккен Араб Әмірліктері) елдеріндегі жобаларға қаржы салуды көбейткен.

Нақтырақ айтар болсақ, 2016 жылы қазақстандық инвесторлардың Ресей жобаларына салған инвестициясы 667 млн долларға жетті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Ал БАӘ еліне салынған инвестиция көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 6 есеге артып, 313 млн долларға теңесті.

Салалар бойынша тоқталар болсақ, қазақстандық инвесторлардың шетелдік құрылыс салаларына деген қызығушылығы жоғары.

0 пікір
Мұрағат