Қазақстандағы жас отбасылардың тең жартысы отасқан алғашқы 1 жылда перзент сүйе алмайды
Қазақстандағы жас отбасылардың тең жартысы отасқан алғашқы 1 жылда перзент сүйе алмайды
8 жыл бұрын 3312

Қазақстандағы жас отбасылардың тең жартысы отасқан алғашқы 1 жылда бала сүйе алмайды. Ал олардың ішінде 20 пайыздайында нақты аурулар анықталады екен. Бұл туралы “31 арна” хабарлайды.

Дәрігерлер мұндай жағымсыз көрсеткішке азаматтардың өз денсаулығына деген немқұрайлы қарауы себеп деп отыр. Оның үстіне үйленер алдында дәрігерге қаралу былай тұрсын, қойылған диагнозбен келіспейтіндер де бар дейді. Әсіресе өзінің бала туғызу қабілетсіздігін мойындағысы келмейтін еркектер екен.

Урологиялық сырқаттар салдарынан отбасының балалы бола алмау мәселесі әлем халқының бестен бірін мазалайды. Қазақстанда да осы деңгейде екен. Бұл көрсеткіш жыл санап өспесе де, кемімей отыр.

Дәрігерлер мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар жауапкершілікті тең бөлісуі керек дейді. Өйткені, көп жағдайда еркектер бала сүйе алмауына өзін кінәлі санағысы келмейді екен.

“Қабілетсіздігін жиі мойындамайды. Өйткені бұл интимдік сұрақ. Оны көрінгенге айта бермейді, ұялады көбісі. Сондықтан кейбір мәселелер ұялмай, дер кезінде емделіп, қаралып тұрса көп мәселелерді шешуге болады. Еркектің бедеулігі дейді. 1 жыл отасқаннан кейін бала болмаса бедеулік дейді. Одан кейін қарала бастайды”, – дейді уролог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Ерсайын Жиенбаев.

Дәрігерлердің айтуынша, отау құрған жас отбасылардың 50 пайызы алғашқы 1 жылда осындай проблемаға ұрынады. Ал, ауырғанда ғана дәрігерді іздейді делінген қарапайым жұрттың ойы қандай?

Мамандар, ер азаматтардың мұндай қылығын менталитеттен болуы мүмкін дейді. Тіпті, өз кінәсін мойындай алмай басқа әйелмен отау құратындардың көп екені де жасырын емес деп отыр. Психолог Лимана Қойшиева да бала көтере алмау мәселесімен жүгінетіндер жиілеп кеткенін айтады.

Келіншектер келіп, өздері жылап “сіз айтсаңыз мүмкін түсінер, астарлап айтыңыз, мүмкін түсіндірерсіз, сізге құлақ қояр” деген сияқты жайттармен жолдастарын алып келіп жатқан жағдайлар болды. Барымызша түсіндіреміз. Құлақ тіпті аспайтындар болады. Неге бірге жүріп емделмеске? Жасыратын, ұялатын ештеңесі жоқ ол жерде”, – дейді психолог Лимана Қойшиева.

Өзекті болып отырған мәселе бойынша жиналған уролог-дәрігерлер еркек қабілетсіздігінің алдын алу жолдарын талқылады. Бұл жолы марал мүйізінің пайдасы туралы да әңгіме қозғады. 

Соңғы бес жылда 33 мың оқушы қыз жүкті болып қалған

ҚР Мәжіліс депутаты Бахтияр Мәкен үкіметтен жасөспірімдерді тәрбиелеуге арналған шаралар қабылдауды сұрады, - деп хабарлайды “Tengrinews.kz» ақпарат көзінің тілшісі.

Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына жазылған өтінімін ол кеңейтілген отырыс барысында оқып берді. Оның айтуынша, Қазақстанда жасөспірім кездегі жүктілік, түсік тастау, кәмелетке жетпей ана атанудың алдын алуға бағытталған тиімді бағдарлама жоқ.

"Соңғы уақытта бізде балаларды әжетханаға тастау жағдайы көп болып кетті. ТМД елдері арасында жасөспірім кездегі жүктіліктің таралғаны соншалық, кейде оны эпидемия деп те атап жатады. Қазақстанда Ресей мен Украинаға қарағанда кәмелеттік жасқа толмағандар арасында жүкті болып қалу жағдайы аз, дегенмен бұл мәселе бізді ойландырмай қоймайды", - деді депутат.

Ол Қазақстанда 18 жасқа дейінгі қыздар мен қыз жеткіншектердің өмір сүріп жатқанын, бұл еліміздегі әйелдердің бестен бір бөлігін құрайтынын айтты.

"Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда елімізде жасөспірімдер арасында 33 051 жүкті болып қалу жағдайы кездесті. Оның ішінде 15-18 жастағы қыз балалардың арасында 9906 адам түсік тастаған. Бұл Батыс Еуропа елдерімен салыстырғанда екі-үш есе жоғары. 15-18 жас аралығындағыларда жылына шамамен мың түсік тастау жағдайы кездеседі. Бұған жасөспірімдердің жыныстық қатынасқа ерте түсуі себеп", - деді Мәкен.

Оның айтуынша, жыныстық қатынасқа түсуді ерте жастан бастау жас қыздардың денсаулығына кері әсер етеді. Сонымен қатар, ол осындай жағдайға тап болған қыздарға көмек көрсету керек екенін айтты. 

0 пікір
Мұрағат