Қазақстанда өткен жылы 1,3 трлн теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілген
Қазақстанда өткен жылы 1,3 трлн теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілген
7 жыл бұрын 3491 bag.kz Дәурен Ерболат

2016 жылы Қазақстанда 1,3 трлн теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілген. Осылайша, аталмыш саладағы көрсеткіш 4%-ға өскен. Бұл туралы ҚР Ауыл-шаруашылығы министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында аталмыш ведомство басшысының орынбасары Қайрат Айтуғанов мәлімдеді.

Елбасы биылғы жолдауында агроөнеркәсіптік кешеннің болашағы зор екендігін айтқан болатын. Осы орайда Министрліктің алдына Қазақстан экономикасын дамыту үшін жаңа міндеттер қойылып отыр. Алға қойылған мақсаттарды орындау үшін Мемлекет басшысы осы жылдың 14-ақпанында АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Жиынға келген ведомство өкілдері осы мәселені талқылады.

Сондай-ақ, вице-министр Қайрат Айтуғанов өткен жылы аграрлық экономика секторы үшін сәтті болғандығын атап өтті.

«2016 жылы елімізде 3,6 трлн теңгенің ауылшаруашылығы өнімдерін шығардық. Яғни аталмыш саладағы көрсеткіш 5,5%-ға артты. Республикалық деңгейде ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі Алматы облысы - 16,1%, Оңтүстік Қазақстан 12,3%, Солтүстік Қазақстан – 11,5%, Шығыс Қазақстан облысы – 11,3%-ды құрады», - деді ол.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы вице-министрі, елімізде азық-түлік өнімдері өндірісінің көлемі артқандығын тілге тиек етті.

«2016 жылы 1,3 трлн теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілген. Осылайша, бұл саладағы көрсеткіш 4% өскен. Әсіресе, Жамбыл облысы 40%-дан астам, Қостанай облысы 21%-дан астам, Ақмола облысы – 10%-ға жуық, Қызылорда облысы 7%-ға артық азық-түлік өнімін өндірген. Алайда осы жоғарғы көрсеткіштерге қарамастан кейбір өңірлерде аталмыш саладағы көрсеткіш төмендеген. Мысалы, Маңғыстау облысы - 13,5%, Батыс Қазақстан облысы – 4,3%, Атырау облысы – 3,1%, Шығыс Қазақстан облысы 1,1%», - деді ол.

0 пікір
Мұрағат