Қазақстанда жылына 40 мыңға жуық адам инсультқа шалдығады
Қазақстанда жылына 40 мыңға жуық адам инсультқа шалдығады
8 жыл бұрын 2799 inform.kz Жасұлан Жолдыбаев

Қазақстанда жылына 40 мыңға жуық адам инсультқа шалдығады. Бұл туралы Үкімет отырысында Республикалық Нейрохирургия ғылыми орталығының басқарма төрағасы Серік Ақшолақов мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі күні кең тараған қауіпті дерттердің бірі - инсульт болып отыр. Жыл сайын дүниежүзінде бұл дертке шамамен 15 миллион адам ұшырайды. Соның 3-5 миллионы өмірден озады.

«Қазақстанда жылына 40 мыңға жуық адам осы инсультқа шалдығады. Сондықтан осы мәселеге ерекше көңіл бөле отырып, республикалық инсульт мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығын аштық. Республикадағы инсульт қызметін дамыту тұжырымдамасын әзірледік. Қазақстанның барлық өңірлерінде 35 инсульт орталығы ашылды. Оның 19-ы - жоғары сапаға сәйкес келеді. Тиісті жұмысты қамтамасыз ету үшін мамандарды дайындау жүргізілуде. 2016 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша, инсульттен болатын өлім-жітім деңгейі 2015 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, 21 пайызға төмендеді. Ал осы патология кезіндегі нейрохирургиялық операциялардың саны айтарлықтай артты», - деп атап өтті ол.

С. Ақшолақовтың жалпы бұл дерттің алдын алуға үлкен көңіл бөлініп келе жатқандығына тоқталды.

«Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, 10 инсульттің 8-інің алдын алуға болады. Сондықтан біз алдын алу шараларын күшейтуді қолға алуды жоспарлап отырмыз. Бастамасы ретінде биыл алғашқы рет Қазақстан жыл сайын 29 қазанда өтетін бүкіләлемдік инсультпен күрес күніне қатыстық. Бұл күні инсульттің алғашқы белгілерін таныстыру арқылы уақтылы диагностика жасауға және көмек көрсетуге мүмкіндік беретін консультациялар жүргізілді. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз», - деді орталық басшысы.
Жалпы аталмыш орталық 8 жыл ішінде Орталық Азияда және Қазақстанда бұрын қолданылмаған 60-тан астам технологияларды енгізген. Орталықта 30 мыңға жуық науқас емделіп, 15 мыңға жуық операция жасалды. Соның 70 пайызында жаңа технологиялар қолданылған.

Бас-ми тамырларының патологиясы, Паркинсон ауруы, эпилепсия, бас-миының  және жұлын ісіктері бар науқастарға жоғары технологиялық көмек көрсету қолға алынды.

«Біздің орталықтың ашылуына дейін науқастардың шетелге барып, емделуіне немесе осы кеселдің ауыртпашылығына көнуге тура келетін еді. Әлемде алғашқылардың бірі болып, 2008 жылы бас-ми ісігін алып тастау, баланы іштен жарып алу оталары бір уақытта жүргізіле отырып, ана мен баланың өмірін сақтап қалатын симультандық операцияны жасадық. Мұндай операция өмірде өте сирек кездеседі. Биыл да осындай операцияны жасадық. Қазіргі таңда осы аналар мен балалардың жағдайлары жақсы», - деп түйді сөзін С. Ақшолақов.
Орталық тұрақты түрде медициналық технологияларды республиканың өңірлеріне трансферттеуді жүзеге асырады. Сол арқылы қазіргі кезде өңірлерде 1 мыңнан астам науқасты емдеуге мүмкіндік беретін 50-ден астам технологиялар енгізілді. 

0 пікір
Мұрағат