Қазақстанда ажырасулар саны көбеюде
Қазақстанда ажырасулар саны көбеюде
7 жыл бұрын 2452 inform.kz Жасұлан Жолдыбаев

Қазақстанда тіркелген ажырасулардың саны жетінші жыл қатарынан ұлғайып келеді. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров мәлім етті.

«ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректері көрсетіп отырғанындай, Қазақстанда некелесудің саны үшінші жыл қатарынан төмендеуде, керісінше, жетінші жыл қатарынан ажырасулардың саны көбейіп келеді. Халық санының артқанын ескеретін болсақ,  бұл тым алаңдатарлық көрсеткіш. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы осы проблемаларды тек қылмысты әрекеттер ретінде қарауды тоқтатпасақ, осы саладағы проблемалар толастамайтыны анық», - деді Әбдіров Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Депутаттың пікірінше, осы саладағы барлық үрдісті мемлекет деңгейінде сараптап, олардың себеп-салдарларын анықтау - кезек күттірмейтін іс.

«Азаматтық неке» деген ұғым біздің азаматтарымыздың санасына терең сіңіп, қалыпты жағдайға айналды. Некенің осындай форматы қыз бен жігітке ешқандай жауапкершілік артпайды, баланың санасына дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сіңіруге деген ата-ананың терең рухани талпынысы болмайды», - деді Әбдіров.

Оның айтуынша, отбасылық трагедиялардың кесірінен балалар зардап шегіп жатыр. Ресми деректер бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, еліміздегі жетімдер үйінде 6 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.

«72 мыңнан астам бала некесіз туған. 400 мыңнан астам ана, 60 мыңға тарта әке балаларын жалғыз өздері тәрбиелеуде. Тек анасы бар балалардың саны 700 мыңнан асады, ал тек әкесі барлар - 300 мың. Жетім балалар санатында 31 мыңға жуық адам тіркелген», - деп түйді сөзін халық қалаулысы. 

0 пікір
Мұрағат