Қазақстан әлемнің 70 еліне астық жөнелтеді
Қазақстан әлемнің 70 еліне астық жөнелтеді
7 жыл бұрын 3716 inform.kz Жасұлан Жолдыбаев

Әлемнің 70-тен аса еліне жыл сайын 5-8 млн. тонна  астықты нарыққа шығарып, Қазақстан астық өндіру бойынша ірі мемлекетке айналды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің даму көрсеткіштеріне арналған баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Әсел Рамазанова мәлім етті.

 «Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі 2015 жылы 3,3 трлн. теңгені құрады. Бұл 2001 жылмен салыстырғанда 6 есеге артық.  Әлемнің 70-тен аса еліне жыл сайын 5-8 млн. тонна  астықты нарыққа шығарып, Қазақстан астық өндіру бойынша ірі мемлекетке айналды. Жыл сайын 2,5 млн. тоннаға дейін ұнды экспортқа шығарып,  соңғы жылдары әлем бойынша көшбасшы орындардың бірін иемдендік», - деді Ә. Рамазанова.

Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы саласында әр кезеңнің ерешелігіне қарай шешімдер қабылданып отыратынын, тиісінше, қазіргі таңда әлемдік тәжірибеде оң нәтижелер көрсетіп отырған әмбебап тетіктерді іске қосу үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қабылданғалы отырғанын және де оның бұған дейінгі салалық бағдарламалардың заңды жалғасы екендігін жеткізді.

Оның айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты - нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету. Атап айтқанда, әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарламаның негізгі міндеттері мал шаруашылығының тиімділігін 58%-ға, ал өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру, тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құру үшін ауқымды ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту, АШТӨ-ні барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету, мақсатқа бағытталған экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің қазақстандық брендін жылжыту, 600 мың га астам суармалы жерді айналымға тарту, АӨК-ні мемлекеттік реттеуді жетілдіру сынды тармақтарды қамтиды.

«Жалпы, өсімдік шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жұмыс жалғастырылады. Айталық, бидай алқаптарының бір бөлігі аса сұранысқа ие дақылдармен (майлы дақылдар, арпа, жемдік жүгері, қант қызылшасы, азықтық дақылдар) алмастырылады. Ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін жоғарылату мақсатында жоғары сапалы тұқымдарды қолдану және тыңайтқыштарды енгізу үшін мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мал шаруашылығы саласында мал азығымен қамтамасыз етуді жолға қою қажет. Осыған орай, елдік азықтық теңгерім әзірленіп, енгізілетін болады, азықтық дақылдардың алаңдары ұлғайтылады, құрама жемдерді өндіру және тұтыну ынталандырылады, сондай-ақ, жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін жоғарылату бойынша жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау көрсету арқылы асыл тұқымды жануарлардың үлесін жоғарылату бойынша шаралар қабылданады», - дейді ол.

Сонымен қатар, АӨК субъектілерінің техникалық жарақтандырылуын арттыру үшін алыс шетелден қымбат техника мен жабдықтарды сатып алу үлесін төмендету бойынша шаралар қабылданады және де агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуді жетілдіру шеңберінде ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылатын болады.

Айта кетейік, ағымдағы жылғы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке жылдың соңына дейін Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасымен біріктіру арқылы Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бүгінгі таңда аталған тапсырманы орындау аясында бағдарлама жобасын қоғамдық талқылаудан өткізу, сарапшы қауымдастықтан ұсыныстар жинау жұмыстары жүргізілуде.

0 пікір
Мұрағат