Полицияға жұмысқа тұру тәртібі өзгереді
Полицияға жұмысқа тұру тәртібі өзгереді
7 жыл бұрын 4501 egemen.kz

Құқық қорғау органдарына кадрларды іріктеу тәртібі түбегейлі өзгерді, деп хабарлады Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы.

«Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» ұлт жоспарында кәсіптік мемлекеттік аппарат құру міндетін қойған болатын. Оның негізі мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңарту болуы тиіс. Бұл ең жақсы даярланған және қабілетті мамандарды іріктеуге мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.

Тапсырманы іске асыру аясында жыл басынан бері құқық қорғау органдарына кадрларды іріктеу тәртібі түбегейлі өзгерді. Қызметке алғаш рет түсетін үміткерлерді іріктеудің үш сатылы жүйесі енгізілді. Бұл туралы Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Бірінші кезеңде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде немесе оның аумақтық бөлімшелерінде мемлекеттік тілді және заңнаманы білуге тестілеуден өту, сондай-ақ үміткердің жеке қасиеттерін зерттеу көзделеді.

Үміткер рәсімдерді оң нәтижемен өткен жағдайда тиісті сертификат алып, тікелей құқық қорғау органында (прокуратура, ішкі істер органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тексеру қызметі) іріктеу мен конкурсқа қатысуға құқылы болады.

Соңғы кезеңде үміткерлер конкурстық комиссиямен әңгімелесуден өтеді.

Енгізілген жаңалықтар кадрларды іріктеу тиімділігін арттыруға арналған, үміткерлердің жеке тұлғасы туралы көбірек білуге мүмкіндік береді.

Құқық қорғау қызметіне алғаш рет түсетін азаматтарды тестілеу қағидалары, бағдарламалары және ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 20 қыркүйектегі бұйрығымен бекітілген. 

0 пікір
Мұрағат