Оңтүстіктен солтүстік өңірлерге көшетіндерге қаржылық қолдау көрсетіледі (видео)
Оңтүстіктен солтүстік өңірлерге көшетіндерге қаржылық қолдау көрсетіледі (видео)
8 жыл бұрын 2981 24.kz ktk.kz

2050 жылы Қазақстан халқының 55%-ы Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тұратын болады. Ал 2030 жылға қарай бұл аймақта өмір сүретін азаматтардың саны 5 миллионға көбейіп, есесіне солтүстікқазақстандықтар 1 миллионға азаюы мүмкін. Мұндай болжамды бүгін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Біржан Нұрымбетов жария етті. Демографиялық мәселені шешу үшін «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасында адамдарды экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден дамыған қалаларға және еңбек ресурстары тапшы өңірлерге көшіру қаралған. Осыған қатысты былтыр көші-қон заңнамасына тиісті өзгерістер енгізіліп, Үкімет қоныс аударуға болатын аймақтарды белгіледі. Бұлар: Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары. Тұрғылықты мекенжайын ауыстырамын деушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Біржан Нұрымбетов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары: - Біріншіден, сол көші-қонға кеткен шығындарын өтейміз. Ол шығынның көлемі – бір отбасыға 50 АЕК немесе 106 мың теңге. Және әр отбасы мүшесіне 35 АЕК немесе 74 мыңнан астам қаражат. Екіншісі, сол өңірлерге барғанда, алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіледі. Оған жалдамалы тұрғын үй не болмаса жатақханадан орын тауып беріледі. Олар жұмыспен қамтылады. Қажет болса, қайта даярлау, біліктілігін арттыру шаралары да болады. Және кәсіпкерлікпен айналысамын десе, шағын несие 3 млн теңгеге дейін беріледі.

 

0 пікір
Мұрағат