Оңтүстік Қазақстан тұрғыны елімізде жоқ әдіспен саңырауқұлақ өсіріп жатыр (фото)
Оңтүстік Қазақстан тұрғыны елімізде жоқ әдіспен саңырауқұлақ өсіріп жатыр (фото)
7 жыл бұрын 6277 Baq.kz Жансая Тәуекелқызы

Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны әйелі екеуі елімізде жоқ әдіспен саңырауқұлақтың қозықұйрық (шампиньон) түрін өсіріп жатыр. Қазақстанға жылына Польша елінен 280 тонна қозықұйрық импортталатын болса, оңтүстікқазақстандық кәсіпкер өз кәсібі арқылы бір жылда 200 тонна өнім алуға қауқарлымыз дейді. 

Сайрам ауданында тұратын Ақжол Қоңқабаев жары Феруза Каримова екеуі Оңтүстік Қазақстан облысы былай тұрсын, елімізде бұрын-соңды болмаған кәсіпті дөңгелетіп отыр. «Agro Green» деп аталатын өндіріс орнында голландиялық технологияның көмегімен польшалық әдіспен қозықұйрық өсіріліп жатыр. Мекемеде өнімді өсіруге он екі арнайы бөлме қарастырылған. Әзірге қаржының тапшылығына байланысты оның тек алтауына ғана қозықұйрықтың А15 ұрығы егіліпті. Әр бөлменің аумағы – 280 шаршы метр. Кәсіп иесі ұрықты әлемге танымал голландиялық «Силван» компаниясынан Мәскеу арқылы алып келген.

«Біздің өнімнің табиғи қозықұйрықтан басты айырмашылығы, уланып қалу қаупі жоқ. Ал қараусыз, далада өсіп шыққан саңырауқұлақ аз уақыттың ішінде қарайып, жеуге жарамсыз болып қалады. Біз өсіріп жатқан қозықұйрық қараймайды. Ол шетелдік мамандардың арнайы зерттеуінен шыққан. Өнімге толық кепілдік бар. Себебі оның ұрығын әлемдік ғалымдар мақұлдаған. Қондырғылар мен жылыту жабдықтарын Польшадан алып келгенбіз», - деді өндіріс орны директорының орынбасары Ақжол Қоңқабаев.

Бір қызығы, өндіріс орны жылына төрт рет өнім бере алады. Яғни, егілген ұрық үш айда өсіп шығады. Директор орынбасарының айтуынша, олар жылына 200 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Әр терім науқанында 50 тонна қозықұйрық жиналады. Егілген жердің әр шаршы метрінен 20-25 келіге дейін өнім алуға болады. Польшалық әдіспен өсіріліп жатқан қозықұйрық ұрығы құнарлы топыраққа себілмес бұрын астына сабан төселеді. Мұнан соң оның үстіне керамзит төселіп, егіле бастайды. Күңгірттелген бөлмеде өсірілетін өнімнің мол болуы үшін температураны бірқалыпты басты ұстау қажет. Ол үшін бөлме ауасы 16-17 градус жылы болуы қажет. Өнім толықтай пісіп шыққанда қалпақшалары кәдімгідей жұмыртқа секілді ісінеді.

Қаңтар айының басында егілген ұрық бүгінгі таңда жеуге жарамды болып қалған. Жұмысшылар теру науқанына қызу кірісіп кеткен. Тек әзірге бұл өнімдер Астана мен Қарағанды, Шымкент қалаларына жөнелтіліп жатыр екен. Кәсіпкер азамат шаруашылықтың бұл түрін елімізде әлі ешкім кәсіби түрде қолға ала қоймағаннан кейін сұраныс әзірге азырақ дейді. Алдағы уақытта жергілікті жерден сұраныс көптеп түседі деген үмітте. Қозықұйрықтың бір келісі 800-1000 теңге аралығында сатылымға шығарылып жатыр.

Өндіріс орнында 20 адам жұмыс істейді. Жұмыстың қызу қайнаған шағы – терім науқаны кезінде болады екен. Жалақылары орта есеппен – 50 мың теңге. Солардың бірі – Фарида Омарова.

«Өзім Өбекстан азаматымын. Қазақстанға арнайы шақыртумен келдім. Мен өзім қозықұйрық егіп, оны күтіп-баптаумен 15 жылдан бері айналысамын. Бүгінде қазақстандықтармен тәжірибемді бөлісіп жатырмын. Жұмысым аса қиын емес. Таңғы сағат тоғыздан кешкі бес-алтыға дейін»,-деді маман.

Ақжол Қоңқабаевтың сөзіне сенсек, елімізге жылына 280 тонна қозықұйрық Польша елінен әкелінеді екен. Жылына 200 тонна өнімді нарыққа шығаруды жоспарлап отырған кәсіпкер сұраныс артса, алдағы уақытта кәсібін кеңейткелі отырғанын айтты.

0 пікір
Мұрағат