Мұрат Әбенов: Пəтер иесінің мұрты да қисаймайды, сорлайтын жалдаған азамат
Мұрат Әбенов: Пəтер иесінің мұрты да қисаймайды, сорлайтын жалдаған азамат
7 жыл бұрын 2894 Baq.kz

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов 7 қаңтардан бастап тіркелген жерінде тұрмайтын азаматтарға айыппұл салу туралы жаңалыққа наразылық білдірді. 

Оның айтуынша, мыңдаған адам Астанада пəтерде тіркеусіз тұрады. Арасында мемлекеттік қызметкерлер көп.

«Енді қалай? Тіркелсе, төлем қымбаттайды. Себебі, салық көбейеді. Пəтер иесі өз қалтасынан оны төлемейді. Салмақ жалдаған азаматқа түседі. Оған жұмысында ақша қоса ма? Тіркелмей тұрса – заң бұзғаны. Ол кезде қызметтік этикаға қарама-қайшылық үшін қызметтен шығара ма? Онда жұмыста кім қалады? Осыны ойлағандар бар ма?», - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

М.Әбенов бұл талаптарды тез арада тоқтата тұрып, қайта қарау керек деген пікірде. Себебі, іске асыру өте қиын.

«Автокреслоға қатысты талаптар да кейінге қалдырылды ғой», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, кеше ҚР ІІМ Көші-қон департаментінің басшылығы жаңа жылдан бастап күшіне енген ішкі миграциядағы өзгерістерді түсіндіріп, брифинг өткізген болатын. Онда пәтерін жалға беретіндер мен басқа елді мекенге келгендерге 1 айға ескерту жасалып, жеңілдік берілетіні, ақпаннан бастап айыппұл салынатыны айтылған болатын. Ал кешқұрым ІІМ баспасөз хабарламасын таратып, ешқандай да жеңілдік болмайтынын, айыппұл 7 қаңтардан бастап салынатынын мәлімдеді.

0 пікір
Мұрағат