Мұхтар Тайжан министр Ермекбаевтың мешітте уағызды орыс тілінде айту ұсынысына қарсы шықты
Мұхтар Тайжан министр Ермекбаевтың мешітте уағызды орыс тілінде айту ұсынысына қарсы шықты
8 жыл бұрын 2813

Мешіттегі уағыз тек қазақ тілінде болуы тиіс. Бұл туралы елордада өтіп жатқан «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында «Болатхан Тайжан» қорының президенті Мұхтар Тайжан мәлім етті.

Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.

«Меніңше, экстремизм мен лаңкестіктің басты себебі – кедейшілік пен жұмыссыздық. Сондықтан, осында отырған Үкімет мүшелерінің жауапкершілігі зор деп білемін. Коммуникациялық саясат басқаша болуы қажет. Елімізде кедейшілік, жұмыссыздық болмауы тиіс. Өйткені еліміз бай. Елімізде 17-ақ миллион адам бар. Қазіргі дүниежүзілік ахуал өзгеріп кетті. Сондықтан, біз Үкіметтен басқа экономикалық саясат күтіп отырмыз», – деді ол.

Тайжан аталған қауіп-қатердің екінші негізгі себебі білім жүйесіндегі олқылықтарда жатыр деген ойын білдірді.

«Меніңше, осы 20 жылдың ішінде, өкінішке орай, білім жүйесі әлсіз болып кетті. Бұл салада да үлкен реформа керек деп ойлаймын. Келесі экстремизм мен лаңкестік себебі – мемлекеттің әділеттілігі. Қателеспесем, Платон «Мемлекетте әділдік болмаса, онда ол мемлекет құриды» деген еді. Сондықтан, біздің елімізде әділеттілік өте жоғары деңгейде болуы керек. Әділеттілік жоғары құндылыққа айналуы тиіс»,-  деді қор президенті.

Сонымен қатар, ол жаңадан құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жоғарыдағы мәселелерге қатысты пікірін тек орыс тілінде ғана емес, қазақша  да білдіру керек деп есептейтіндігін айтты. «Өйткені, жастардың басым көпшілігі қазақ тілді. Бүгінгі жастар сізді түсінбейді. Сіздің мешіттердегі уағыз орыс тілінде болуы керек деген сөзіңізді қолдамаймын. Мешітке баратын жамағаттың 99 пайызы қазақтілді азаматтар», – деді ол министрге қарата.

Ермекбаев Тайжанға: Мешітте орыс тілінде уағыз айту - түпкілікті шешім емес

Мешітте орыс тілінде уағыз оқу мәселесі түпкілі қабылданған шешім емес. Бұл туралы елордада өткен «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев айтты.

«Қоғамда қандай мәселе көтерілсе, біз сол мәселені қарастыруымыз керек. Қазір қоғамда бұл мәселе көтеріліп отыр. Себебі, қазір көптеген мешітке жастармен қатар үлкен кісілер де келуде. Олардың қатарында қала, ауыл тұрғындары да бар. Олардың көбі имамдардың қазақ, араб тілінде оқитын уағыздарын түсінбейді. Тек қалалық тұрғындар емес, ауылдан келген жастар да түсінбей жатады»,- деді министр.

Н.Ермекбаевтың түсіндіруінше, оған діни тіл мен тұрмыстық тілдің екі бөлек болуы себеп болып отыр.

«Сондықтан, діни тілді оқу қажет. Ал қазақша түсінбейтіндер қайда барады? Олардың дінге деген қызығушылығы бар, түсінгісі келеді. Бірақ, мешіттерде айтылып жатқан мәселелерді түсінбесе олар деструктивті ағымдардың өкілдеріне баруға мәжбүр. Ондай ағымдардың белсенділері қазақша да, орысша да сөйлей береді, жастарды өздеріне тартып алады. Өздеріңіз айтыңыздаршы, бұл қоғамға жақсы ма, жаман ба? Жақсы емес. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми, жақсы білім алған имамдары жастарға, басқа да заматтарға өздерінің ойларын, пікірін жеткізуін қамтамасыз етуіміз керек. Сол себепті, бұл мәселе көтеріліп жатыр. Мешіттерге тек қазақтар емес басқа да ұлттардың өкілдері келіп, ислам дінін түсінгілері келеді. Осыған орай, бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Бірақ, шешім қабылданған жоқ. Мүмкін, кейбір өңірлерде болып қалар. Барлық жерде енгізу қажет деп ешкім айтқан жоқ», - Н.Ермекбаев. 

0 пікір
Мұрағат