Малайзиямен халал индустрия және исламдық қаржыландыруда әріптестік күшеймек
Малайзиямен халал индустрия және исламдық қаржыландыруда әріптестік күшеймек
7 жыл бұрын 2461 naryk.kz

Қазақстан мен Малазия арасындағы сауда-экономикалық бағытта оңтайлы көрсеткіштер орын алуда.

Бұл туралы бүгін «ЭКСПО-2017» көрмесінде Малазияның Ұлттық күнінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ішінде Малазияны маңызды  сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастырып отыр. Осы орайда сауда-экономикалық байланыстарда екіжақты оңтайлы көрсеткіштерді атап өткім келеді. Қазақстан мен Малазия арасындағы сыртқы сауда айналымы 2017 жылдың 4 айында 26,1 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,2 пайызға жоғары болды», — деді Жұмағұлов.

Оның сөзіне қарағанда, сыртқы экономикалық сенімді әрі ұзақ мерзімге негізделген серіктес ретін Малазиямен арада түрлі салаларда қатынастарды нығайту көзделіп отыр.

«Біз осы байланыстарды жоғары бағалаймыз, сондықтан да жұмыс топтарының аясында халал-индустрия, исламдық қаржыландыру, туризм, жаңаратын энергия, мұнай мен газ және инвестициялық ынтымақтастық бойынша қатынастарды нығайтуға ниеттіміз. Атап айтқанда, ЭКСПО көрмесінде Малазия павильонының ашылуы біздің елдер арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін дәлелдеп отыр. Бұл ретте тұрақты дамуды қамтамасыз етуде ұстанымдардың сәйкес келіп отырғандығын байқаудамыз», — деді вице-министр.

Өз кезегінде Малазияның энергетика, жасыл технологиялар және су ресурстары министрінің атқарушы орынбасары Датук Сери Ск Девамани елдерінде қайта жаңғыртылатын энергия көздерін елеулі түрде арттыру мақсаты тұрғанын жеткізді.

«Қазіргі уақытта біздің энергия қуатын өндіретін көздеріміз 22,5 пайыз көлемде су мен күн энергиясына, биогаз және биомассаға тиесілі. Малазияның он бірінші жоспарына сәйкес, 2020 жылға қарай қайта жаңғыртылатын энергия өндірісін 2080 МВт-қа жеткізуді көздеп отырмыз», — деді Д. Девамани.

0 пікір
Мұрағат