Жерді жалға алғандар бес жыл бойы бақылауда болады
Жерді жалға алғандар бес жыл бойы бақылауда болады
8 жыл бұрын 2335 BNews.kz

Елордада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған жер заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы өз қызметін таныстырды. Осы топқа жетекшілік ететін ауыл шауашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев әзірленетін жаңа заң жобасы жерді жалға алушыларға жауапкершілік жүктейтінін айтты. 

«Жер қатынастары саласындағы өзара қарым-қатынастың ұсынылатын жаңа жүйесі азаматтық қоғамның дамуына, жергілікті атқарушы органдар қызметінің жариялы болуына ықпал етеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін беру процестерін ақпараттандыруға және оның ашық болуына бағдарланған. Әзірленген заң жобасы көпшілік талқылауына ұсынылады. Біз ол заңды қараша айында Парламент мәжілісіне енгізуді жоспарлап отырмыз. Жер реформасы жөніндегі комиссиямен аймақтарды аралағанда, xалықтың конкурс арқылы жерді жалға беруіне қарсылығын байқадым. Өйткені, біріншіден, ашықтық жоқ. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің кірмеуі. Сол себепті, бұл жұмыс тобының мақсат – жерді xалыққа беруді реттеу», -деді Ерлан Нысанбаев.

Вице-министр жер реформасы жөніндегі комиссияның қабылдаған ұсыныстары негізге алынатынын және жұмыс тобына кімдердің мүше болғанын айтып өтті.

«Конкурсқа жергілікті атқарушы органның өкілдерінен тыс, қоғамдық ұйымдар мен ұлттық палата өкілдері міндетті түрде кіруі керек. Әр жер учаскесі бойынша шешім қабылдайтын кезде жалпы әділетті болу және ашық болу үшін комиссия құрамындағы мүшелердің  50%-ы қоғамдық ұйымдардан жасақталады. Жерді жалға алғандарға жауапкершілік жүктеледі. Яғни, жердің құнарлығын сақтау қажет. Сондықтан, тиісті орган алғашқы бес жыл бойы осыны тексеріп отырады. Ол жерге қандай дәнді-дақыл егілді, қалай пайдаланып жатыр – барлығы қадағаланады. Осы заң жобасы жерді пайдалануды жан-жақты қамтиды деген ойдамын»,- деді ол.

0 пікір
Мұрағат