Жарнамада тауар құнын тек ұлттық валютада ғана көрсету талап етіледі
Жарнамада тауар құнын тек ұлттық валютада ғана көрсету талап етіледі
8 жыл бұрын 2078 inform.kz Жасұлан Жолдыбаев

Жарнамада тауар құнын ұлттық валютада ғана көрсету туралы талап енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты баяндама жасаған министр заң жобасымен ескерілетін жаңашылдықтарды атап өтті.

Аталмыш заңда қазақстандық экономиканы долларлансыздыруға бағытталған шараларды іске асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, жарнамада көрсетілген тауар құнын ұлттық валютада ғана көрсету талап енгізіледі.

«Үкіметтің және Ұлттық Банктің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарының 17-тармағын орындау мақсатында, заң жобасы ел экономикасының долларлану деңгейін қысқарту үшін Қазақстан Республикасының аумағында, оның ішінде, жарнамада іске асырылатын өнім құнын ұлттық валютада ғана көрсету туралы талап енгізіледі», - деді ол.

Сонымен қатар, заң жобасында жарнама саласындағы тыйымдарды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту қарастырылып отыр.

«Бүгінде жарнама туралы заңнамамен бірқатар тыйымдар белгіленген, оларды бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту ескерілмеген, осының салдарынан олардың көпшілігі тәжірибеде сақталмаған», - дейді министр.

Сыртқы жарнаманы орналастыруға рұқсаттың әрекет ету мерзімін ұзарту мәселесі де ескеріліп отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сыртқы жарнаманы орналастыруға рұқсат 1 жыл мерзімге беріледі.

Десе де жарнама беруші жыл сайын рұқсат беру органдарына құжаттар жиынтығын ұсынып, жарнаманы орналастыру мерзімін ұзарту қажет, бұл қосымша әкімшілік кедергі болып табылады. Осыған байланысты, рұқсат мерзімін 1 жылдан 5 жылға ұзарту ескеріледі.

Сондай-ақ, бұдан бұрын xабарлағанымыздай, телеарналар мен радиоарналар әлеуметтік жарнаманы тегін көрсететін болады.

Заң жобасымен 5 кодекс пен 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескеріледі.

0 пікір
Мұрағат