Енді прокуратура бизнесті тексеру үшін арнайы рұқсат алуы керек
Енді прокуратура бизнесті тексеру үшін арнайы рұқсат алуы керек
7 жыл бұрын 2808 naryk.kz

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы қаралып, мақұлданды.

Аталған заң жобасы Мәжіліске Республика Президентінің заң шығару бастамасымен енгізілді. Заң жобасы прокурорлық қадағалаудың шегі нақты айқындалған конституциялық реформаның жалғасы болып табылады.

Осы орайда ол заңның тиімді екендігі айтылды. Яғни, алдағы уақытта прокурорлар өз бетінше бизнесті тексере алмайды. Тек қылмыс болған жағдайда ғана, бірде-бір прокурор араласпайды. Кемінде бас прокурордың шешімі қажет. Ж.Асановтың мәліметінше, прокурор мемлекеттік органдарды тек екі жағдайда тексеретін болады.

Біріншісі, егер мемлекеттік орган өзін-өзі қорғауға қабілетті емес болса немесе жаппай адамдардың құқығы бұзылып жатқан кезде.

Екіншісі, мемлекеттік органның жұмысы адамдардың өміріне немесе қоғамға қауіп төндіріп жатса.

Бас Прокурор Жақып Асанов заң жобасын ұсына отырып,  конституциялық реформа барысында Конституцияның 83-бабына өзгерістерді қолдағаны үшін депуттаттарға алғысын білдірді. Бұл бапта сәйкес прокуратураның негізгі мақсаттары нақты айқындалды. Олар: жоғары қадағалау, сотта мемлекеттің мүддесін білдіру, қылмыстық қудалауды жүзеге асыру.

Аталмыш заң жобасында жоғарғы қадағалаудың шегі мен нысаны, қызметтің негізгі бағыттары, мемлекеттік органдардың және кәсіпкерлердің әрекетіне қадағалау жүргізудің жиектері белгіленген.

Жалпы заң жобасы жоғары қадағалаудың қағидалары мен міндеттерін түбегейлі өзгертпейді. Адам құқығын қорғау, заңдылықты сақтау мен құқық қорғау қызметін үйлестіру оның басты міндеті болып қала береді.

Заң жобасына сәйкес мемлекеттік органдарды тексеру негіздері едәуір қысқартылады.

Прокуратура мемлекеттік органдарды екі жағдайда ғана тексереді. Атап айтсақ, мемлекеттік орган өз құқығын өзі қорғай алмайтын адамдардың немесе көпшіліктің құқығын бұзса; адам өмірі мен денсаулығына немесе мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе.

Осындай шектеулер азаматтардың өтініштерін қарау тәртібіне де енді. Жобаға сәйкес прокурорлар тек өзін-өзі қорғай алмайтын адамдардың, көпшіліктің құқықтары бұзылғанда немесе адам мен мемлекет мүддесіне орны толмас нұқсан келтіргенде және осы мәселелерді құзырлы органдар қажетті дәрежеде шешпесе ғана өтініштерді қарайтын болады.

0 пікір
Мұрағат