Еліміздің аймақтарына тарайтын бақша өнімдерінің 66%-ы ОҚО-да өндіріледі
Еліміздің аймақтарына тарайтын бақша өнімдерінің 66%-ы ОҚО-да өндіріледі
7 жыл бұрын 3459

Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары еліміз егемендік алған ширек ғасырда дәнді дақыл жинау бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізіп, рекорд орнатты, деп хабарлайды BNews.kz. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, биыл өңір диқандары 676 мың тонна (өткен жылмен салыстырғанда 95 мың тоннаға көп) өнім жинап, бұрын-соңды болмаған нәтижені беріп отыр. Мұны орташа түсімділікке шақсаңыз, гектарына 26 центнер дәнді дақылдан келеді екен. 

Сонымен қатар, биылғы маусым шаруалардың өзге де өнімдерді көптеп өсіріп, жинауда оң жамбасына келіпті. Мәселен, осы маусымда жиналған көкөніс көлемі 963 мың, бақша өнімдері 1 млн. 413 мың, картоп 277 мың, жеміс-жидек 126 мың, жүзім 63 мың тоннаға жетті.

Мұнан бөлек, соңғы үш жылда жерді жаңа әдіспен игеру жұмыстары қолға алынды. Осы жылы терең қопсыту технологиясы 86 мың гектарға енгізілді. Бұған дейін тәжірибе жүзінде мақтадан гектарынан орташа есеппен 26-27 центнер өнім алынса, терең қопсыту технологиясын енгізген шаруашылықтардан 40-45 центнер өнім алынады. Аталған технологияның катты топырақ ылғалдылығын сақтаудағы тиімділігін ескере отырып, бұл технологияны басқа да дақылдар мен тәлімі жерлерге қолдану ұсынылып отыр.

Айта кетейік, биыл егін шаруашылығы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12,8 мың гектарға артып, 788,6 мың гектарға жетті.

Орташа есеппен республикада өндірілген мақтаның – 100%-ы, жүзімнің – 65%-ы, бақша өнімдерінің – 66%-ы, мақсарының – 40%-ы, жеміс-жидектің – 31%-ы, көкөністің – 24%-ы осы облыстың еншісінде.

Бұл – алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысын республика халқын жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін негізгі орталыққа айналдыру әлеуетінің жоғары екендігінің бірден-бір айғағы. 

0 пікір
Мұрағат