Елiмiзде жетiм балалардың деректер базасы iске қосылды
Елiмiзде жетiм балалардың деректер базасы iске қосылды
7 жыл бұрын 4267 Baq.kz Айымгүл ӘБІЛЕВА

Жетiм және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық деректер банкi өткен жылы шiлде айында құрылған болатын. Биылдың бiрiншi қаңтарынан бастап жетiм балалардың ортақ базасы толыққанды түрде iске қосылды. 

Деректер базасы Бiлiм министрлiгiне қарасты балалардың құқықтарын қорғау комитетiнiң сайтында орналастырылған. Былтыр шiлде айынан осы жерде елiмiздегi жетiм балалар туралы деректер жариялана бастады. Жетiмдер жөнiнде негiзгi мәлiметтер жабық. Тек баланың жасы, денсаулығы, ұлты, мiнезiнiң ерекшелiктерi, ата-ана қамқорлығында болмауының себептерi, аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi жөнiнде қосымша ақпаратты табуға болады. Сондай-ақ, баланың фотосуретi де бар. Қараша айынан бастап республикалық деректер банкiн Әдiлет министрлiгiнiң ақпараттық жүйелерiмен бiрiктiру бойынша жұмыстар жүргiзiлдi. Ендi мiнеки, биылғы жылдан бастап жетiм балалардың ортақ базасы толыққанды iске қосылып отыр.

«Республикалық деректер банкi қорғаншылық немесе қамқоршылық жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын органдар толтырған жетiм және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың сауалнамалары негiзiнде қалыптастырылды», - деп жазылған комитеттiң ресми сауалымызға жолдаған жауабында.

Аталмыш комитеттiң мәлiметiне сәйкес, қазiргi уақытта республикалық деректер банкiнде 29 666 жетiм және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала, оның iшiнде 8 066 балалар үйi тәрбиеленушiлерi туралы ақпарат бар. Бұл деректер базасы бала асырап алуға ниеттi азаматтар туралы мәлiметтердi де қамтитынын айта кеткен жөн.

«Бала асырап алғысы келген адамдар үшiн бұл арман қолжетiмдi бола түседi. Деректер базасы Қазақстанның әрбiр азаматына отбасына алуға болатын балалар, оның жасы, қандай балалар үйiнде тәрбиеленiп жатқаны туралы мәлiметтi көруге мүмкiндiк бередi», - дедi деректер базасының қанатқақты режiмде iске қосылуы кезiнде Бiлiм және ғылым министрiнiң кеңесшiсi Бәлия Әкiмбекова.

Осылайша, егер бұрын отбасылар тек өз өңiрiндегi балалар үйi тәрбиеленушiлерi туралы мәлiметпен таныса алса, ендi қазiр деректер базасы арқылы бүкiл елдегi балаларды көру мүмкiндiгiне ие болды. Мамандар бұл бастама жетiм балаларды асырап алу үдерiсiне тың серпiлiс бередi деген сенiмде. Республикалық деректер банкi ендi ғана iске қосылғандықтан, әзiрге база арқылы бала асырап алу тетігі іске қосылған жоқ. Жалпы, комитеттiң бiзге ұсынған ақпаратына сүйенсек, 2016 жылы елiмiзде 1889 жетiм баланы асырап алған. Оның iшiнде, 1871 баланы қазақстандықтар, ал 18-iн шетелдiктер бауырына басыпты.

Асылы, мамандардың сөзiне сенсек, жыл сайын Қазақстанда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны азайып келедi. Өйткенi, өз отбасына бала тәрбиелеп алуға ниет білдірген ата-аналар көп. Елімізде көп жылдан бері алғаш рет жетімдердiң азаюына байланысты балалар үйі жабыла бастады. 2015 жылдан бастап елдегi 188 жетiмдер үйiнiң 48-i жабылған. Ал қалған балалар үйлері жанынан биыл бақылау кеңестері ашылмақшы. Осылайша, қоғам балалар үйлерінің тыныс-тіршіліне етене араласып, жағдайды бақылап, баланың құқықтарын бұзудың алдын алауға күш салатын болады.

0 пікір
Мұрағат