Елімізде балалар үйі азайып келеді
Елімізде балалар үйі азайып келеді
8 жыл бұрын 4810 khabar.kz Д.Талғатұлы, Б.Базаров

Елімізде жетім көрсе, жебей жүретін мейірімді жандар артқан. Жыл басынан бері Қазақстанда балалар үйінің 800-ден астам тәрбиеленушісі жаңа отбасын тапты. Жабылған балалар үйі бар. Кейбірі бірігіп жатыр.  Достық Талғатұлы, тілші: - Өткен жылдың соңында елімізде 146 балалар үйі болса, биыл олардың бесеуі жабылды. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Қазақстанда 200-ден астам жетімдер үйі болатын. Мамандардың айтуынша, бұл статистика бала асырап алушылар қарасының көбейуінің арқасында өзгеріп отыр. Республика бойынша биыл жабылған 5 жетімдер үйінің үшеуі Шығыс Қазақстан өңірінде.  Айта кетейік, бұл облыста соңғы 6 жылда 11 балалар үйі жұмысын тоқтатқан. Тіпті, қазір кей аудандарда мұндай мекемелер жартылай бос тұр. Таисия Коростелева, ШҚО білім басқармасының әдіскері: - Соңғы жылдары күрт өзгерістер байқалады. Егер 2010 жылмен салыстыратын болсақ, жетімдер үйіндегі балалар саны 45 пайызға азайды. Ол ең алдымен балалардың жаңа отбасын табуымен байланысты. Ал Қарағанды облысында санаулы жылдар ішінде 5 балалар үйі жабылса, биыл 1 мекеме ыдырады. «Бұл үдеріс әлі жалғасады», – дейді жауапты сала мамандары. «Құлыншақ» балалар үйінде қазір тым-тырыс. Тәрбиеленушілердің бәрі жазғы лагерде демалып жатыр.  Ал педагогтар болса, топтардың тізімін қайта қарастыруда. Себебі, қыркүйекте әдеттегідей отбасын тапқан балалар саны артып, мұндағы тәрбиеленушілер қатары азаяды.  Светлана Буркеева, «Құлыншақ» балалар үйінің директоры: - Былтыр біздің 17 бала кетті. Ал биыл қазірдің өзінде тағы 17 бала отбасылы болды. Кейбір ерлі-зайыптылар 3 немесе 4 баланы қамқорлығына алып жатады. Міне, алдағы қыркүйекте 10 бүлдіршіннің асырап алушы ата-анасы анықталады. Балаларды отбасына бейімдеу мақсатында елімізде көптеген жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, бірден асырап алу туралы шешім қабылдай алмайтын ерлі-зайыптылар үшін «қонақжай отбасы» енгізіліп отыр. Гүлмира Күлсариева, ҚР БҒМ балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы: - Отбасыға орналастыру нысандары көбейді. Ол жаңағы қонақжай отбасы дейміз. Демалыс күндері балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін азаматтар өз отбасына алып, каникул кезінде немесе мейрам күндері өздері алып, үйреніп бір-біріне бір-бірін тануға мүмкіндік бар.  12 жастағы Айсұлу ата-ана қамқорлығы деген ұғымның қандай екенін осыдан 2 жыл бұрын түсінді. Жаңа отбасына түсіп, өмірі күрт өзгерді.  Айсұлудың анасы Наталья Лигайдың айтуынша, баланы жалғыздықтан қашып немесе басқа да тапшылықтың орнын толтыру үшін емес, жүрек қалауымен алу қажет. Cонда ғана бүлдіршін өзін жайлы сезініп, махаббатқа бөленеді. Наталья Лигай, бала асырап алушы: - Бала асырап алардың алдында адам өз жүрегін тазартуы тиіс. Тек содан кейін ғана осындай маңызды қадамға бару қажет. Себебі, бала жаңа отбасына түскенде мейірімділікке мұқтаж болып келеді. Ал оны махаббатқа бөлеу үшін ата-ана риясыз сезіммен, ерекше ыждаһаттылықпен қабылдауы керек. Жыл басынан бері балалар үйінің 800-ден астам тәрбиленушісі жаңа отбасына қоныс аударды.  Мамандардың айтуынша, жетімдерді жебеушілер осылай көбейетін болса, санаулы жылдар ішінде балалар үйінің саны тағы да азаяды.  

0 пікір
Мұрағат