Елбасы Қазақстанның жинақталған активтері қайда бағытталатынын айтты
Елбасы Қазақстанның жинақталған активтері қайда бағытталатынын айтты
8 жыл бұрын 2627 inform.kz Руслан Ғаббасов

Қазақстанның жинақталған қомақты қаржысы елдің табысын арттыруға жұмсалады.  Бүгін алтыншы сайланған ҚР Парламентінің екінші сессиясын ашу барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

 «Үкіметте өтетін кеңесте біз қомақты көлемде жинақталған немесе үнемделген қаржыны адамдардың табысын және жұмыспен қамту деңгейін арттыруға қайта бөлеміз», - деді Президент.

Сонымен қатар Н. Назарбаев мемлекет тарапынан кепілдендірілген әлеуметтік пакетке шығыстар көлемін сақтауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету керек екенін қадап айтты.

«Бұл ретте бәрінен бұрын зейнетақы, жәрдемақыларға, шәкіртақыларға және адамдар үшін басқа да әлеуметтік төлемдерге қатысты болып отыр. Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне ешбір жағдайда жол бермеу үшін  бюджеттік саясатты тиісті дәрежеде бағдарлау қажет»,-деп тапсырды Н. Назарбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламентінің екінші сессиясын ашу барысында Елбасы қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтетінін айтып өтті.

«Осы отырыста мен жұмыспен қамтуды қолдау және халықтың табысын арттыруға қатысты жаңа шараларды ұсынатын боламын. Яғни, экономика терең тыныс алып, дамуы үшін жаңа қаражаттар тарту жолдары, банктердің жұмысын жандандыру және жергілікті жерлердегі мүмкіндіктерді кеңейту қарастырылатын болады», - деді Мемлекет басшысы. 

 
0 пікір
Мұрағат