Ел іші: Қазақстанда шартты түрде жазалаудың тағы екі түрі енгізілуі мүмкін
Ел іші: Қазақстанда шартты түрде жазалаудың тағы екі түрі енгізілуі мүмкін
8 жыл бұрын 2707 Baq.kz spb.mk.ru

Астанада «Пробация туралы» заң тұжырымдамасына ұсыныстар енгізу бойынша халықаралық сараптау кездесуі өтті.

Айта кеткен жөн, пробация – бұл шартты түрде жазалаудың бір түрі. Ондайда сотталған азаматқа сынақ мерзімі беріледі. Сол уақыттың ішінде оған белгілі бір шектеулер (көңіл көтеру орйындарына бармау, нақты бір адамдармен қарым-қатынасқа түспеу және тағысын тағы) қойылады. Бұның барлығын арнайы орган – пробациялық бақылау қызметі қадағалайды. 2012 жылдан бері Қазақстанда осы жұмыспен қылмыстық атқару жүйесінің пробация қызметі айналысады. Негізгі мақсат – сотталғандардың қоғамдық өмірде барынша бейімделуін қамтамасыз ету.

«Бүгінде әлем бойынша пробацияның төрт түрі бар. Олар – сотқа дейінгі, пенитециарлық, шартты жазалау және постпенитецияарлық пробация. Қазақстанда соңғы екі жүйе жұмыс істеп жатыр. Ендігі мақсат – арнайы топ пен халықаралық сарапшылардың қатысуымен сотқа дейінгі және пенитециарлық пробацияны жан-жақты пысықтап, әлемнің үздік тәжірибесін қазіргі заңнамаға енгізу», - дейді ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.

Оның айтуынша, бас бостандығынан айыру жазасына кесілмеген азаматтардың пробациядан өту көрсеткіші жыл сайын көбейіп келеді. Соның нәтижесінде олардың қайта қылмыс жасаулары 33 пайызға азайған.

Шымкентте алғашқы жеке меншік түрме ашылады

Келесі жылы Шымкент қаласында алғашқы жеке меншік түрменің құрылысы басталады. Бұл туралы пробация мәселелеріне арналған жиында ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев мәлім етті. 

Оның сөзіне қарағанда, жоспар бойынша бес жеке меншік түрмені салынады. «Қазіргі кезде Шымкент қаласында алғашқы түрме үшін жер телімі бөлінді. Қазақстан бойынша типтік жобалар әзірленген. Барлығы халықаралық сараптамадан өтті. Халықаралық және еуропалық талаптарға сай деп танылды. Бүгінде тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жоспар бойынша алғашқы жеке-меншік түрменің құрылысы 2017 жылда басталады. Аталған түрме 1500 адамға есептелген. Онда қауіпсіздіктің аралас жүйесі, яғни барлық режимдер (қатаң, жалпы – авт.) болуы әбден мүмкін», - дейді М.Аюбаев.

Айта кетейік, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік арқылы түрме салу мәселесі «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарының 34-ші қадамы ретінде белгіленген.

Биыл сотталғандарға білезік тағу жобасы қолға алынады

Ағымдағы жылы Астана мен Алматы облысында сотталғандарға электронды білезік тағу бастамасы қанатқақты жоба ретінде қолға алынады. Бұл туралы қылмыстық әділеттілік жүйесін жетілдіру мәселелерін жөніндегі ұлттық сарапшы Сәуле Мектепбаева мәлім етті.

Оның айтуынша, бұған дейін білезіктерді алуға қажетті қаржыны қысқартып отырған. Сол себепті ол бастама іске аспай келді. «Халық электронды білезіктер жайында талай рет естіген. Ішкі істер министрлігінде оған қажетті қаражат та болды. Алайда сан алуан экономикалық өзгерістерге байланысты бұл жоба қолға алынбай келді. Соңғы ақпаратқа сәйкес, ағымдағы жылы электронды білезіктер мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жүйесі арқылы енгізілетін болады. Бұл дегеніміз, аутсорсингтің толыққанды кешені болмақ. Ондайда құрал-жабдықтарды орнату, жөндеу, электронды таблоны құру және тағы басқа жұмыстарды белгілі бір компания атқарады. Компанияны тендер арқылы тандау жоспарланып отыр», - дейді С.Мектепбаева.

Сарапшының сөзіне қарағанда, биыл аталған жобаға қаржы бөлінді. Бірақ электронды білезіктердің саны көп болмайды. Оны алдымен Астана мен Алматы облысында қанатқақты жоба ретінде тексеріп шығу жоспарланған.

0 пікір
Мұрағат