Бұдан былай шетелдіктер Қазақстанда бір ай тіркеусіз жүре алады
Бұдан былай шетелдіктер Қазақстанда бір ай тіркеусіз жүре алады
4 жыл бұрын 1783

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 11 қаңтардан бастап шетелдіктерді бірден уақытша тіркеу жойылады. Бұл жайында bag.kz ақпарат көзі хабар таратты. 

Елімізде жүрген шетелдіктердің барлық санаттары үшін уақытша тіркеу 30 тәулікке дейін жүргізілмейді. Осы мерзімнен асқан жағдайда шетелдікке уақытша болу рұқсаты ресімделеді. 

Шетелдік азамат 30 тәуліктен астам болған жағдайда (жұмысқа, оқуға, емделуге келгендерге, бизнес жұмыстары бойынша көшіп келушілерге, отбасына қосылу және тұрақты тұруға келгендерге) елде уақытша болу рұқсаты ресімделеді. Шетелдіктің келуі, елде болуы және уақытша тұруына рұқсатты ресімдеу туралы хабардар ету жөніндегі барлық жауапкершілік оларды қабылдаушы жеке және заңды тұлғаларға жүктеледі - деді Қазақстан Республикасы Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов. 

Өз кезегінде шетелдікті қабылдаушы тараптар (қонақ үйлер, хостелдер, жалға берілетін пәтерлер, емдеу-профилактикалық мекемелер, жеке тұлғалар және т. б.) үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметін шетелдіктің келуі туралы хабардар етуге міндетті.

Бүгінгі күні Қазақстанда хабарлау рәсімі барынша жеңілдетілді. 

2014 жылдан бастап виза-көші-қон порталы арқылы, келген шетелдіктер туралы шақырушы тарап (жеке немесе заңды тұлға) электрондық-цифрлық қолтаңба болған жағдайда интернет желісі арқылы шетелдіктің келгені туралы полицияны хабардар ете алады. Онымен қоса, мемлекет тарапынан да, қонақ үйлердің әкімшіліктері, хостел, тағы басқа тараптардан қосымша қаржы шығыны талап етілмейді. Интернет және электрондық сандық қолтаңба ғана қажет - деді Сабыржан Сейітжанов. 

2019 жылы Визалық көші-қон порталы арқылы хабарлау қызметін 250 қонақ үй пайдаланып, өздеріне 110 мың шетелдік азаматтың келгені туралы мәліметтер ұсынды.

Сонымен қатар, осы талаптар орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қабылдаушы тарап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 518-бабы бойынша (жеке тұлғаларға ескерту жасау, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10 айлық есептік көрсеткіш, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 15 айлық есептік көрсеткіш, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу) әкімшілік жауапкершілікте болады - деді мекеме өкілі.
0 пікір
Мұрағат